7 тамыздан бастап Алматыдан Таразға жету қиындайды

15:15, 6 тамыз 2026
MKZ: 1559998

© Фото: primeminister.kz

Жамбыл облысында Алматы – Тараз автомобиль жолының 159–238-шақырымындағы Қордай жаңа асуы учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары басталады. Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жол қызметінің ресми ақпаратына сәйкес, 2026 жылғы 7 тамыздан бастап жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін күн сайын сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін Тараз бағыты бойынша көлік қозғалысы уақытша шектеледі.

Жөндеу кезінде Алматыдан Таразға қарай қатынайтын көліктер Отар – Қордай – Қайнар автомобиль жолы, яғни Қордайдың ескі асуы арқылы өтетін балама бағытқа жіберіледі.

Жүргізушілерге сапар бағытын алдын ала жоспарлау, уақытша орнатылған жол белгілерінің талаптары мен белгіленген жылдамдық режимін сақтау, сондай-ақ жол жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аумақта барынша мұқият болу ұсынылды.

Бұған дейін 8 тамызда сағат 05:00-ден 06:00-ге дейін Қорғас – Алматы бағытында көлік қозғалысы уақытша шектелетіні хабарланған еді. Шектеу ені 7 метр, ұзындығы 24 метр болатын ірі көлемді жүктің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге байланысты енгізіледі.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!