4,5 млрд теңге залал: Бас прокуратура мен ҰҚК Қазақстан азаматын Грузиядан экстрадициялады

11:01, 5 қараша 2026
MKZ: 1576072

© Сурет: Telegram/GenPr

Қазақстан азаматы қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Грузиядан экстрадицияланды. Ол аса ірі көлемде алаяқтық жасады, сондай-ақ ірі көлемде медициналық бұйымдарды қолдан жасап, өткізді деген күдікке ілінді. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

2026 жылғы 5 қарашада жарияланған [ресми хабарламаға](https://t.me/GenPr/15947) сәйкес, экстрадициялау шарасын Қазақстан Бас прокуратурасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Грузиядағы Қазақстан елшілігінің көмегімен жүзеге асырған.

"Тергеу барысында күдіктінің мемлекеттік медициналық мекемелер өткізетін медициналық жабдықтарды сатып алу тендерлерінде артықшылыққа ие болу мақсатында заңсыз схема ұйымдастырғаны анықталды. Ол медициналық техниканы нақты өндірмей-ақ, Қазақстанда өндірілгені туралы мемлекеттік органдарға жалған мәліметтер ұсынып, отандық тауар өндіруші мәртебесін алған. Нәтижесінде шетелдік бөлшектерден құрастырылған медициналық техника мемлекеттік медициналық мекемелерге отандық өнім ретінде сатылған. Соның салдарынан мемлекетке 4,5 млрд теңгеден астам залал келтірілген", – деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.

Бас прокуратураның мәліметінше, қылмыс жасағаннан кейін күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған.

"Ол биыл наурыз айында Грузия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды", – делінген ведомство хабарламасында.

Қадағалау органының мәліметінше, оған тағылған айыптар бойынша мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бас прокуратура жыл басынан бері Грузиядан Қазақстанға жеті адамның экстрадицияланғанын еске салды. Олардың бесеуі де ұрлық және жымқыру фактілері бойынша іздеуде болған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!