«3 млн теңге кімге бұйырды». «Алтын тобылғы» әдеби байқауының жеңімпаздары марапатталды

16:29, 9 желтоқсан 2023
156

© Сурет: видеодан алынды

Елордада дарынды жас ақындар мен жазушылар арасында жарияланған "Алтын тобылғы" республикалық әдеби байқауы өз мәресіне жетті. Оған түрлі жанрда қалам тербеп жүрген 18-35 жас аралығындағы 100-ден астам қаламгер қатысты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Биыл үздік қаламгерлер проза, поэзия, драматургия, балалар шығармасы, фантастика жанрындағы үздік шығарма мен үздік киносценарий, сонымен қатар "Жаңа Қазақстанның жасампаз ұрпағы" сынды жеті номинация бойынша анықталды. Дәстүрлі әдеби додаға биыл 161 шығарма ұсынылды. Туындылар адамның рухани қасиеттері мен ұлтжандылық, ауызбіршілік тақырыптарына арналған. Белгілі ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлерінен жасақталған қазылар алқасының мүшелеріне жеңімпаздарды анықтау қиынға соқты. Себебі ұйымдастырушылар атап өткендей, шығармалар бірінен-бірі өтеді. Бармақ басты, көз қысты әрекеттердің алдын алу үшін ерекше бағалау жүйесі де қолданылыпты, деп хабарлайды КТК.

"Мысалы, 126 байқауға түскен шығарманы арнайы нөмірлейміз. Әр ақынның, жазушының, автордың аты-жөнін білмейміз. 10 әділқазы мүшесі бәріміз бөліп аламыз да, бір ай бойы оқимыз. Оқып шығамыз да, 1-ден 10-ға дейін балл қоямыз. Сосын барлығымыз бір ай өткеннен кейін жиналамыз да, баллдарды қосамыз. Сонда жеңімпаз өзінен-өзі шығады. Бізге түсетін байқауға шығармалар әлеуметтік желіде, басқа жерлерде жарияланбау керек. Жаңа туынды болу керек". Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шауеев

Әр номинацияның жеңімпазына 2 млн теңге, ал арнайы номинацияның жеңімпазына 3 млн теңге табыс етілді. Ұйымдастырушылар бұл қалам тербеген жас дарындарға пәтерінің алғашқы жарнасына едәуір көмек екенін атап өтті. 2015 жылы бастауын алған бірегей байқауға бүгінде жастар зор қызығушылық білдіріп отыр.

«Алтын тобылғы» байқауының жеңімпаздары:

  • "Жылдың үздік прозасы" номинациясында Диана Мырзағалиева ("Оазис среди боли" шығармасы), Нұржан Нұрбек ("Өмір" галереясы»);
  • "Жылдың үздік поэзиясы" - Әмәлият Арқалық ("Өмір қаласындағы өмір");
  • "Жылдың үздік драматургиясы" - Қыдырбаев Ілияс ("Шындық пен жалған");
  • "Жылдың үздік балалар шығармасы" - Жадыра Жанарбек ("Мен мысық емеспін") және Әлихан Иманғазин ("Эллиот");
  • "Фантастика жанрындағы үздік шығарма" - Есбол Социалхан ("2026" романы).

Бұған қоса, "Жылдың үздік поэзиясы" номинациясы аясында ынталандыру жүлдесі ретінде 1 млн теңгені Файзолла Алпамыс ("Жүректің жауһар жырлары" шығармасы) алды.

"Жылдың үздік поэзиясы" номинациясында сайысқа түскен қатысушылардың қатары қалың. Бұл сында түркістандық Әмәлият Арқалықтың шығармасы оқ бойы озық шықты.

"Өмір қаласындағы өмір" деп аталатын поэзиялық цикл жаздым. Астана қаласының өткені мен бүгіні және болашағы ,соны бір қарым қуатымызша, қалам қуатымызбен романтикалық стильде, осы заманға сай тіл, көркемдік ерекшелілігінің бәрінқарапайым етіп, өзімше сондай стильде жаздым. Ол ұнап жатса менің де жетістігім, жеңісім деп санаймын". "Алтын тобылғы" байқауының жеңімпазы Әмәлият Арқалық

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!