1 қыркүйектен бастап елімізде балабақша тәрбиешілерінің жалақысы өседі

13:25, 9 маусым 2023

© Сурет: Zakon.kz

1 қыркүйектен бастап Қазақстанда балабақша тәрбиешілерінің жалақысы 30%-ға өседі, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мектепке дейінгі білім департаментінің мәліметінше, мемлекет басшысының тапсырмасымен 2020 жылдың қаңтарынан 2023 жылдың қаңтарына дейін тәрбиешілердің жалақысы жыл сайын 25%-ға өсті.

"2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап тағы 30%-ға өседі. Осылай, еліміздегі 97 мыңнан астам педагогтің жалақысы 2,5 есеге артады".Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Департамент директоры Наталья Жұмаділдаеваның айтуынша, Мемлекет басшысының қолдауының арқасында іске асырылатын педагогтердің жалақысын жыл сайын арттыру оң нәтиже берді.

"Мектепке дейінгі білім беру жүйесінің кадрлық әлеуетін күшейту мақсатында оларды даярлау, біліктілігін арттыру және аттестаттау жүйесін жетілдіру, әлеуметтік мәртебесі мен жалақысын арттыру бойынша министрлік жүйелі жұмыс жүргізуде. Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Әдістемелік кабинеттер жанынан мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтеріне әдістемелік көмек көрсету үшін мобильді топтар құрылды", – дейді ол.

"Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту" бағыты мен мамандығы бойынша кадрлар даярлау 39 жоғары оқу орны мен 119 колледжде іске асырылады. Колледждер өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, мектепке дейінгі ұйымдармен бірге "Педагог" кәсіби стандарты негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлейді және оқу бағдарламалары мен жоспарларын жаңартады.

Педколледждерге қойылатын біліктілік талаптары қайта қаралып, биыл мектепке дейінгі білім берудің 20 мыңнан астам педагогі біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!