34 күн бойы толассыз жаңбыр: Токиода 140 жылдық климаттық рекорд жаңарды

15:38, 30 қыркүйек 2026
MKZ: 1569740

© Фото: unsplash

Токиода 2026 жылғы 27 тамыздан 29 қыркүйекке дейін 34 күн қатарынан жаңбыр жауды. Жапония метеорологиялық агенттігінің (JMA) мәліметінше, бұл – 1886 жылы бақылау басталғаннан бері қаланың орталық бөлігінде жауын-шашын ең ұзақ жауған кезең, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұған дейінгі рекорд 33 күн болған. Ол 2019 жылғы 27 маусым мен 29 шілде аралығында тіркелген.

Жергілікті The Mainichi басылымының мәліметінше, жаңбырдың ұзаққа созылуына Жапонияның басты аралы Хонсю маңында орныққан тұрақты күзгі атмосфералық фронт себеп болған. Ауа райына тайфундар да әсер еткен: фронтқа бірнеше рет жылы әрі ылғалды ауа келіп, жауын-шашынды күшейткен.

27 қыркүйекке қарай қаланың орталық бөлігінде 621,5 миллиметр жауын-шашын түскен. Бұл қалыпты көрсеткіштен үш есеге жуық көп.

Жаңбырлы қыркүйек күн сәулесінің түсу ұзақтығына да әсер етті. 1–27 қыркүйек аралығында Токионың орталық бөлігінде күн небәрі 45,8 сағат жарқыраған. Бұл – бақылау тарихындағы екінші ең төмен көрсеткіш.

Дегенмен жаңбырлы ауа райы әзірге басылар емес.