Абай облысында жасөспірімдер көлікті ұрлап кетіп, кейін оны өртеп жіберген

22:15, 29 қыркүйек 2026
MKZ: 1569611

© Сурет: pexels

Абай облысында төрт жасөспірімге қатысты сот отырысы аяқталды. Олар қыдыру үшін көлікті ұрлап кетіп, кейіннен оны өртеп жіберген, деп хабарлайды

Сотта кәмелетке толмаған екеу түнгі уақытта Бобровка саяжай алқабы аумағында жүріп, серуендеп қайту мақсатында "ВАЗ-2115" маркалы автокөлікті айдап кетуге шешім қабылдаған. Алдын ала сөз байласқан олар автокөлікті от алдырып, бос жатқан жерге қарай барған, сол арада олар автокөлікті өртеп жібергені анықталды.

Салдарынан көлік құралының иесіне 1 500 000 теңге мөлшерінде материалдық залал келтірілген. Бірақ олар мұнымен тоқтамаған.

"Бірнеше күннен кейін Н. Бобровка саяжай алқабында көршісінің тұрғын үйіне кіріп, одан электр араны ұрлаған. Бұдан бөлек, басқа көлік құралына да кіріп, дыбыс колонкасын жымқырған. Ұрлық жасағаннан кейін кәмелетке толмаған Н. оқиға орнынан бой тасалаған. Жәбірленуші үш кәмелетке толмағанды жәбірленушімен татуласуына және келтірілген зиянды өтеуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатуды сұраған", делінген сот хабарламасында.

Абай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Б., Г. және У.-ды кінәлі деп танып, жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатты. Үшеуіне де тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шаралары тағайындалды.

Ал төртінші жасөспірімге қатысты сот кінәні мойындауын, жасаған ісіне өкінуін және кәмелетке толмаған жасын жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша оған 2 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Оған пробациялық бақылау белгіленді.

Үкім заңды күшіне енді.

Бұған дейін Ақмола облысында мас әйел баласын емізген күйі ұйықтап қалып, жазатайым оқиға орын алғанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!