Каспий теңізіндегі трагедия: Facebook-тағы фейк жазба авторлары жауапқа тартылды

19:24, 29 қыркүйек 2026
MKZ: 1569584

© Сурет: Zakon.kz

Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерде Маңғыстау облысында болған төтенше жағдайға қатысты шынайы ақпаратқа сәйкес келмейтін мәліметтерді тарату фактілерін анықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы 2026 жылы 29 қыркүйекте ҚР ІІМ баспасөз қызметі хабарлады:

"Д.С. және Г.С. есімді азаматтардың Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларына әскери қызметші А.А. туралы ақпарат жариялағаны белгілі болды. Жарияланымдарда оның суға батып бара жатқан жолдасын құтқарып, өз бетімен жағаға шыққаны, сондай-ақ оның ерлігі мен құтқарылу жағдайлары қасақана жасырылып отырғаны туралы мәліметтер таратылған. Тексеру барысында Д.С. аталған ақпаратты алыстағы туыстарынан алғаны анықталды. Ал Г.С. бұл мәліметтерді әлеуметтік желілерден алып, олардың шынайылығын тексерместен өз парақшасында жариялағанын жеткізді. Аталған мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі тарапынан ресми түрде жоққа шығарылды".

Атап айтқанда, Қорғаныс министрлігі әскери қызметші А.А-ға қатысты түсініктеме берді.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, А.А. оқу-жаттығу барысында жағалауда болып, оқу-жаттығу жоспарына сәйкес көзделген міндеттерді орындаған. Онымен бірге жағалауда мерзімді әскери қызметтегі матрос М.Ә. болған. Қазіргі уақытта екі әскери қызметші де әскери бөлімнің орналасқан жерінде қызметін жалғастырып жатыр.

"Осылайша әлеуметтік желілерде А.А-ның өз бетімен жағаға жүзіп шыққаны, суға батып бара жатқан жолдасын құтқарғаны және оның ерлігі туралы ақпараттың қасақана жасырылып отырғаны жөнінде тараған мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді. Сонымен қатар оқиғаға қатысты шынайы ақпаратқа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратқан Шымкент қаласының тұрғыны С.К. және Көкшетау қаласының тұрғыны К.О. анықталды", - дейді ведомстводан.

Атап айтқанда, С.К. Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында тағы бір әскери қызметшінің қаза болғаны туралы шынайы ақпаратқа сәйкес келмейтін мәлімет жариялап, оның туыстарына қысым көрсетіліп, олардан ақша талап етіліп отырғанын мәлімдеген .Өз кезегінде К.О. Маңғыстау облысында тағы бір әскери қызметшінің қаза болғаны туралы шынайы ақпаратқа сәйкес келмейтін мәлімет жариялаған.

"Әкімшілік материалдарды қарау нәтижесінде сот шешімімен аталған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Полиция шынайы ақпаратқа сәйкес келмейтін мәліметтерді, оның ішінде басқа тұлғалардың материалдарын қайта жариялау арқылы таратудың да жауапкершіліктен босатпайтынын ескертеді. Бөгде ақпарат көзіне сілтеме жасау азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін тексерілмеген мәліметтерді таратуға негіз бола алмайды". ҚР ІІМ баспасөз қызметі

Полиция әлеуметтік желі пайдаланушыларын ақпаратты жариялауға жауапкершілікпен қарауға, таратылатын мәліметтердің шынайылығын тексеруге және расталмаған ақпаратты жариялауға жол бермеуге шақырады.

Бұған дейін Маңғыстаудағы трагедия кезінде желіде қандай алып-қашпа сөздер тарағаны хабарланған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!