700-ден астам ескертпе мен қате: Қазақстанда мектеп оқулықтары қашан жаңартылады
© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Қазақстанда көпшіліктің ескертуінен кейін мектеп оқулықтары қайта қаралады. Бұл туралы бүгін, 2026 жылғы 10 маусымда премьер-министрдің орынбасары, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оның айтуынша, соңғы күндері бірқатар баспалар мен азаматтар тарапынан мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерді жаңарту мәселесіне қатысты түсініктеме беру жөнінде өтініштер келіп түсуде.
"Бүгінде қолданыстағы оқулықтар бойынша әртүрлі сипаттағы 700-ден астам ескертпе мен қате анықталды. Олардың қатарында техникалық және стильдік кемшіліктер, деректік қателер, мазмұнға сәйкес келмейтін иллюстрациялар, жекелеген материалдардың оқу бағдарламаларымен үйлеспеуі, сондай-ақ ескірген әдіс-тәсілдер мен тұжырымдамалардың қолданылуы бар. Әсіресе ұлттық мазмұнға лайықтап бейімделмеген материалдардың пайдаланылуы, математика пәніндегі қате анықтамалар мен есеп шығару жолдары, оқу бағдарламасында көзделмеген шығармалардың енгізілуі, сондай-ақ тарихи оқиғаларға қатысты жаңсақ пайымдар ерекше алаңдаушылық туғызып отыр",- деді ол.
Ол бұл ретте қолданыстағы бірқатар оқулық белгіленген жаңарту мерзімінен әлдеқайда ұзақ уақыт бойы қайта қаралмағанын да ескеру қажет екенін атап өтті.
"Жекелеген оқу басылымдары тоғыз жылға дейін мазмұндық тұрғыдан елеулі өзгеріссіз қолданылып келеді. Мұндай жағдайда оқулықтарды уақытылы жаңарту – оқушыларды сапалы, өзекті әрі мемлекеттік білім беру стандарттарына сай оқу материалдарымен қамтамасыз етудің кезек күттірмейтін қажеттілігі". Аида Балаева
Министр мектеп оқулықтарының сапасы жекелеген баспалардың ғана мәселесі емес екенін, бұл елдегі білім сапасына, демек балаларымыздың келешегіне тікелей ықпал ететін маңызды мәселе екенін айтты.
"Оқулық сараптаманың формалды талаптарына ғана сай болып қоймай, мемлекеттің, қоғамның және білім беру жүйесінің бүгінгі сұранысына толық жауап беруі тиіс. Бұл бұрын аталған оқулықтарды мақұлдаған Пәндік сараптама комиссиясы шешімдерінің күші жойылады деген сөз емес. Әңгіме түпкі нәтиже үшін ортақ жауапкершілік туралы болып отыр. Білім саласы формалды көзқарасты көтермейді. Баланың қолына тиетін әрбір оқулық сапалы, мазмұны дәл, дерегі шынайы және уақыт талабына сай болуы керек". Аида Балаева
Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі оқулықтарды кезең-кезеңімен жаңартып, мектептерді жаңа оқу басылымдарымен қамтамасыз етуді жоспарлап отырғаны белгілі болды. Атап айтқанда:
- 2026 жылғы 30 тамызға дейін 3 және 7-сыныптарға арналған оқулықтар,
- 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін 4 және 9-сынып оқулықтары,
- 2027 жылғы 1 сәуірге дейін 8-сынып оқулықтары жаңартылады.
"Біздің басты мақсатымыз – Қазақстандағы әрбір мектепті заманауи, мазмұны мұқият сараланған, өзекті білімге, "Адал азамат" бірыңғай тәрбие бағдарламасының құндылықтарына және мемлекеттік басымдықтарға негізделген сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету". Аида Балаева
Бұған дейін 180 млн теңгенің контрабандалық тауарын Қазақстанға заңсыз кіргізбек болғанын жазғанбыз.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
14:53, 10 маусым 2026
Энергетика министрлігі бензин мен дизель қоры туралы ақпарат берді
-
14:35, 10 маусым 2026
Қазақстандық БҰҰ комитетінің мүшесі болып сайланды: 157 мемлекет қолдау көрсетті
-
14:12, 10 маусым 2026
Ресейден Қазақстанға әкелінген төрт жолбарысқа есім берілді
-
13:58, 10 маусым 2026
Қаржы министрлігі Қазақстан бюджетінің 2025 жылғы орындалуын түсіндіріп берді
-
13:37, 10 маусым 2026
Атом энергиясын пайдалану саласында лицензиар анықталды





