Жүкті әйелдерге саяхаттауға бола ма?

12:26, 23 қыркүйек 2019

Әрбір адам өмірінде бір рет болсын шекара асып, жағажайда демалуды, өзге ұлттың салт-дәстүрін тануды, керемет сәулет ғимараттарын тамашалауды армандайды. Алайда, сапарға жиналғанда мың рет ойланып, мамандармен кеңесіп, денсаулығыңызды тексеріп алған жөн. Бұл кеңестер әсіресе жүкті әйелдерге қатысты. 7kun.kz болашақ аналардың саяхат жоспарында назар аудару керек жайттарға тоқталады.

9 ай жүктілік 3 үшайлық мерзімге бөлінеді:

  • Біріншісі — жүктіліктің бірінші аптасынан 13-ші аптасына дейін;
  • Екіншісі — 14-ші аптадан 27-ші аптаға дейін;
  • Үшіншісі — 28-ші аптадан 38-ші аптаға дейін (босану сәтіне дейін).

Көптеген әйелдер демалуға баратын ең ыңғайлы мерзім — бірінші үшайлық деп санайды. Бұл уақытта іш қатты білінбейді, оны жасыру мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, жүру қиындық тудырмайды, белсенді демалыс өткізе алады. Бірақ дәрігерлер сұлулардың осы ойымен келіспейді.

Мамандардың айтуынша, бірінші үшайлықта болашақ ананың ағзасы кез келген өзгерістерге өте сезімтал болады: тағамға аллергия, өнімдер мен иістерге төзбеушілік, тербелу, токсикоз және т.б. Сондай-ақ, жүктіліктің алғашқы аптасында түсік тастау қаупі бар, сондықтан ауыртпалық пен стресс алуға болмайды. Бұл мерзімде гинекологтар алыс саяхаттардан бас тартуға кеңес береді, тек ел аумағында ғана қыдыру рұқсат етіледі.

Демалуға бару үшін ең қауіпсіз кезең — екінші үшайлық, деп мәлімдейді акушер-гинекологтар. Осы уақытта әйел өзінің «ерекше» жағдайына үйренеді, ал ұрықта ішкі жүйелердің тұрақты даму кезеңі басталады. Егер қарсы көрсетілімдер болмаса, шетелге шығуға болады.

Үшінші үшайлықта да артық әрекеттерді жасауға болмайды, себебі уақытынан бұрын босану қаупі туындайды. Ең жақсысы, бұл мерзімді баланың өмірге келуіне дайындалып, тұрғылықты жерінен шықпаған жөн.

Кейбір жағдайларда саяхаттан баланың денсаулығы үшін бас тарту керек. Келесі патологиялар жолға шығуға кедергі болуы мүмкін:

  • Жүктілікті тоқтату қаупі. Бұл диагнозда әйелге төсек режимі қажет. Кез-келген уақытта клиникаға баруға дайын болуы керек, сондықтан тіпті қала сыртына шығуға болмайды.
  • Айқын токсикоз. Токсикоз демалыс кезінде тоқтауы мүмкін, бірақ егер ағза үнемі құсу және тәбеттің жоқтығынан әлсіресе, климаттың өзгеруі жағдайды ушықтырады. Сондықтан, тәуекелге барудың қажеті жоқ.
  • Бала жолдасының төмен жатуы — кез-келген ауыртпалық, оның ішінде ұшу және климатты өзгерту кезінде қан жоғалту қаупін тудырады.
  • Гестоз — 20 аптадан кейін байқалатын кеш токсикоз. Ісіну, жоғары қан қысымы, несептегі ақуыз концентрациясының артуы жүреді. Осы белгілердің бәрі саяхат кезінде айтарлықтай күшеюі мүмкін.
  • Созылмалы аурулардың асқынуы. Жүктілік кезінде, мәселен, бұрын жиі мазалаған ас қорыту проблемалары демалысты ойдағыдай өткізуге мүмкіндік бермейді.
  • Ұрықтың жақындау белгілері. 28-ші аптадан бастап таныс атмосферада қалып, баланың дүниеге келуін күткен абзал. Қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда қаладан 50-100 км қашықтықта орналасқан пансионатта демалуға болады. Жүктіліктің соңғы 2 аптасында үйде болу керек.

Қандай бағытты таңдаған дұрыс?

Демалысты жоспарламас бұрын гинекологпен кеңесіп, қажетті анализдерді тапсыру керек. Егер қауіп-қатер мен қарсы көрсетілімдер болмаса, демалыс уақыты мен орнын таңдауға болады.

Дәрігерлер жүкті әйелдерге келесі ережелерді ұстануды ұсынады:

  • Ыстық климаты және ауаның ылғалдылығы жоғары экзотикалық елдерге ұшуға болмайды. Жүкті әйелдер ісінуге және қызуға бейім екенін есте сақтаңыз.
  • Азиядағы және тропикалық елдерге сапарлардан бас тарту. Көбінесе оларға бару үшін арнайы профилактикалық екпелер қабылдау қажет. Ал екпе жүкті әйелдер үшін өте қауіпті.
  • Сағат пен климаттық белдеулердің күрт ауысуын болдырмау, яғни сапар 2-3 сағаттан артық болмауы керек.
  • Туристік маусымның қызған кезінде курортқа бармаңыз. Жазда және «ыстық» маусымда қонақүйлер демалушыларға толады, сондықтан дұрыс бөлмені таңдау қиынға соғады. Сонымен қатар, айқай-шу көп.
  • Жұмсақ климаты бар Еуропа елдерін, сондай-ақ Жерорта теңізі мен Қара теңіз жағалауын таңдау керек. Жүкті әйелдер демалысы үшін Испания, Италия, Хорватия, Греция, Түркия, Болгария елдері ыңғайлы.
  • Таулы жерлер мен аудандарға бармаңыз: үлкен биіктіктерде қысым өзгереді және оттегі жетіспейді.
  • Дамыған инфрақұрылымы бар және медициналық қызметтерге қол жетімді жерлерді таңдаған дұрыс. Болашақ аналардың демалуына арналған арнайы бағдарламалары бар шипажайлар — керемет нұсқа. Сондай-ақ, жоғары сервисті және мәзірді таңдау және түзету мүмкіндігі бар отбасылық қонақ үйлер ыңғайлы.

Ең бастысы — ешқандай экстримнің болмауы. Сондықтан, эктремалды спорт түрлерімен – виндсерфинг, альпинизм, аквалангпен су астында жүзу, велосипед жорықтары, тау шаңғысымен айналысуға тыйым салынады.

Серуендеуге, орманда жидектерді жинауға, қайықта серуендеуге немесе балық аулауға болады. Дәрігерлер әдетте жаяу серуендеу мен жүзуді ұсынады. Жүктілік кезінде, әсіресе, аквааэробика пайдалы. Су процедуралары баланың дамуына жақсы әсер етеді, шаршауды жояды, қан айналымын жақсартады және теріні сергітеді. Таңертең жағажайда шомылуға, ал кешке променад жасауға немесе кешкі ас уақытында жағымды музыка тыңдауға болады.

Нені істеуге болмайды?

  • Күнге ұзақ күйдіріну. Екіқабат нәзік жандылар үшін бұл өте маңызды. Күннің астында ұзақ болу жатырдан қан кетуіне әкелуі мүмкін, жүрекке және қан тамырларына әсер етеді (есін жоғалту қаупі), варикоз ауруын қоздырады, терідегі пигментті дақтарды көбейтеді. Күн сәулесінен 12-ден 17 сағатқа дейін аулақ болу керек.
  • Тоңып қалу. Егер осындай жағдай орын алса, мүмкіндігінше тезірек жылынуға тырысыңыз: жылы ваннаны қабылдау, таңқурай, зімбір, лимонмен ыстық шай ішу және т.б.
  • Жаңа өнімдерге тәжірибе жасау. Тамақтану кезінде бұрынғы әдеттерді сақтап, жаңа, әсіресе экзотикалық тағамдарды жемеген дұрыс.

Шындығында, бұл сұраққа жауап беру қиын: көліктің әрбір түрінің жүкті әйелдер үшін өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар.

Ұшақ

Ұшақ — көліктің ең жылдам түрі, бірақ ұшу және қону кезінде атмосфералық қысымның күрт өзгеруі орын алады, бұл тамырлардың тартылуын және тіпті плацентаның мерзімінен бұрын бөлінуіне әкелуі мүмкін. Егер ұшу міндетті болса, ұшақ ішінде бірқалыпта отыра бермей, салон ішінде жүріп, аяқ пен қолға арналған жаттығулар жасау қажет.

Билеттерді тіркеу кезінде 72 сағат ішінде босануы мүмкін емес екені туралы медициналық қорытындыны талап ететінін есте сақтаңыз.

Поезд

Жақсы нұсқа, бірақ жолда барынша жайлылықты сезінуді алдын ала ойластырыңыз. Таңдауыңыз — кем дегенде купе және міндетті түрде төменгі төсек болуы керек. Қолдарыңызды және әр түрлі заттарды зарарсыздандыру үшін жеткілікті мөлшерде спиртті салфеткаларды қолданыңыз.

Автокөлік

Артықшылығы — қалаған уақытыңызда, қалаған жерден тоқтата аласыз. Мұны әр 200-250 шақырымға 5-10 минуттан жасаған дұрыс. Болашақ ана қысылмау үшін артқы орындықта отыру керек. Міндетті шарт — сенімді қауіпсіздік белдіктері. Олар ішті қыспауы, тек төменгі жағынан ұстап тұруы қажет. Сондай-ақ, жолға су, жеміс-жидек сусындары, жеңіл тағамдар салынған тоғазытқыш-сөмке артық етпейді. Егер ондай сөмке болмаса, алдын ала су, компот, морс құйылған бірнеше бөтелкелерді мұздатып алуға болады. Ал омыртқаға салмақ түсірмеу үшін арқаға ыңғайлы жастықты ұмытпау керек.

Демалыс кезінде, сондай-ақ ұшу үшін келесі құжаттар қажет:

  • Жүктіліктің жай-күйі мен уақыты туралы гинеколог анықтамасы (берілген күні бір аптадан көп емес).
  • Кейбір жағдайларда емдеуші дәрігердің денсаулық жағдайы туралы қорытындысы бар медициналық картаны талап етуі мүмкін.
  • Әдеттегі сақтандыру.
  • Жүктілік картасы және босану сертификаты (жүктіліктің соңғы кезеңдерінде).

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!