Транзиттік тасымалдар ел экономикасы өсімінің жаңа көзі болмақ

14:45, 16 ақпан 2017

2020 жылға қарай көліктің барлық түрінен транзиттік тасымалдардан түсетін кіріс 1 трлн 300 млрд теңгені құрауы тиіс. 

Бұл туралы ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясында Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр хабарлады.

Еуропа-Қытай бағытындағы транзиттік контейнерлік тасымалдар 2016 жылы екі есеге өсті және 104,5 мың контейнерді құрады. 

Вице-министр осындай қарқын 2020 жылға қарай Қазақстанның барлық контейнерлік тасымалдарының көлемін 2 млн контейнерге дейін арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.

2016 жылы транзиттік авиа жолаушылар саны 250 мыңнан 478 мыңға дейін ұлғайды.

Бүгінде жолаушылардың негізгі ағыны Азиядан Еуропаға және кері бағытта байқалады. 2017 жылы бұл көрсеткіш 600 мың адамға жетеді деп жоспарланған.

Еске сала кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Үкіметке 2020 жылға қарай транзиттік тасымалдардың жылдық көлемін ұлғайту туралы тапсырма берді:

-Контейнерлермен тасымалданатын жүк көлемін 7 есеге – 2 миллион контейнерге дейін;

-Әуе көлігімен жолаушылар тасымалын 4 есеге – 1,6 миллион транзиттік жолаушыға дейін жеткізу.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы транзиттік тасымалдардан түсетін кірісті 5,5 есеге – жылына 4 млрд долларға дейін ұлғайту қажеттігін айтты.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!