Тау-кен өнеркәсібінің мамандары АҚШ-та инвесторлар форумына қатысты

17:35, 11 мамыр 2017

Отандық тау-кен өнеркәсібінің мамандары АҚШ-та халықаралық инвесторлар мен кәсіпкерлер форумына қатысты. Сан-Франциско қаласында өткен шарада негізінен технологиялық инвестиция саласындағы болашақ трендтер таныстырылды.

Жаңа жаһандық үдеріс экономиканың бірқатар саласында нақты шешім қабылдауды талап етеді. Халықаралық форумға қатысушылар инновациядағы тәжірибелерімен бөлісіп, цифрлы индустрияның маңыздылығын атады. Стартап пен ірі АйТи компаниялар басқосу барысында отандық мамандарға өндірісті жаңарту идеяларымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.

Руслан Еңсебаев, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның трансформация және ақпараттық технологиялар жөніндегі бас директоры:

- «Өнеркәсіп революциясы» деген термин тарихта төрт тармаққа бөлінген. Бірінші революция - бұл алғашқы бу пештері, екіншісі - электр қуатына байланысты, үшіншісі процессі автоматтандыру. Енді төртінші революция іске қосылды. Ол барлық құрылғыларды бір қызметке автоматты түрде жұмылдыру жүйесін қарастырады.

«Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның трансформация және ақпараттық технологиялар жөніндегі бас директоры Руслан Еңсебаев IT-индустрияда 12 жылдан бері қызмет етеді. Электронды үкіметті қалыптастыру концепциясын әзірлеуге белсенді түрде ат салысқан. Оның электрондық лицензиялау жобасы Женевада өткен ақпараттық қоғамдық дамыту жаһандық саммитінде үздік деп танылды. Ол Сан-Францискодағы форумда елімізде сәтті іске асырылып жатқан «Цифрлы бұлақ» жобасы туралы айтып берді. 

Руслан Еңсебаев, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның трансформация және ақпараттық технологиялар жөніндегі бас директоры:

-Тау-кен индустриямыз заманауи цифрлы технологияға мән бергені жөн. Бұрын әр ұңғыманың жарамдылығын тексеру үшін жаяу жүруге тура келді. Соның өзінде де электр қуаты шығындалды. Ұңғыма 2 апта бойы тиісті өнім бермесе, ақшаны далаға шашқанмен тең.

«Қазатомөнеркәсіпте» іске асырылып жатқан бағдарлама, бірінші кезекте, өндірістің қарқынын үдетті. Руслан Еңсебаевтың айтуынша, цифрлы технология енгізілгеннен кейін, ақпарат жинау процесі ұзақ уақыт алмайды.

 Руслан Еңсебаев, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның трансформация және ақпараттық технологиялар жөніндегі бас директоры: 

-Әр ұңғымаға оның өнімділігін көрсететін құрылғылар орнатылады. Бүгінде біз сол ақпаратты тәулік ішінде біліп, дереу шешім қабылдаймыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауында индустрия мен өндірісті жаңғырту бағыттарына баса мән берілген. Біз аталмыш үндеу жасалған кезде қатты қуандық. Өйткені жаңа бағыт өзіміздің қабылдаған бағдармен толық үйлесім тапты. Біздің өндіруші компаниялар бәсекеге қабілетті болуы үшін заманауи технологияларға ден қоюы керек.

Авторлары: Майра Қабиева, Ренат Садыров

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!