ШҚО-да археологиялық зерттеулерге 630 млн теңге жұмсалды

12:34, 20 қыркүйек 2019

Алматы. 20 қыркүйек. 7kun.kz – Шығыс Қазақстан облысы археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытудың төрт жылдық бағдарламасының қорытындысын шығарды. Осы кезеңде қазба жұмыстарын жүргізуге, кейбір қорғандарды музеефикациялауға 630 миллион теңге бөлінді. Төрт жыл ішінде археологтар тобы бірнеше бірегей жаңалық жасап, 25 мыңнан астам артефактілерді тапты. Олардың басым бөлігі алтыннан жасалған.

ШҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Раушан Нұрмұханованың ақпаратына сәйкес, 2016 жылдан бастап 2019 жылға дейін еліміздің жетекші археологтары – Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлеубаев және Карл Байпақов 13 археологиялық ескерткішті, 82 қорған, бір көне қоныс және бір ғибадатхана кешенін зерттеді. Археологиялық қазба жұмыстарына әлемнің 20 елінен мамандар тартылды. Тарихи орындарда түрлі сараптамалық жұмыстар жүргізу үшін Австралия, Швеция, Жапония, Бельгия және т.б. сарапшылар Шығыс Қазақстан облысына келді.

Ғалымдар атақты Берел, Шілікті қорғандарынан аса бағалы тарихи естеліктерге қол жеткізді.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Самашевтің пікірінше, ерте сақ дәуіріндегі табылған артефактілер зергерлік шеберліктің, сол кездегі металлургияның дамуы туралы түсініктерді өзгертеді. Табылған заттар біздің дәуірімізге дейінгі VIII-VII ғасырларда Қазақстанның Алтай аймағында өмір сүрген адамдар алтын өндіруді және одан ұсақ моншақтар мен түрлі көлемді бұйымдар жасауды білетіндігін дәлелдейді.

ШҚО әкімінің орынбасары Ерлан Аймұқашевтің мәліметіне сәйкес, бағдарламаны қаржыландыру жалғасады. Қазіргі уақытта өңір Ұлыбританияда артефактілер көрмесін өткізуге дайындалуда.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!