Beeline Қазақстандағы алғашқы 5G желісін іске қосты

11:17, 18 қазан 2019

Алматы. 18 қазан. 7kun.kz — Қазақстанда Beeline-ның алғашқы 5G желісі жұмысын бастады. Мобильді байланыстың бесінші буынының сынақ аймағы Шымкент қаласында ашылды. Бұл туралы оператордың баспасөз қызметі хабарлады.

Технология үш ай сыналып, 2019 жылы желтоқсанда сынақ аяқталған.

«5G желісі NOKIA қондырғыларына құрылған және ол үш базалық станция мен тірек желісінің қондырғыларынан тұрады. Желінің жалпы таралу ауданы – шамамен 13 шаршы шақырым. Бұл — жылдамдықты, функционалды сынауға, ғимараттың іші-сыртына сигналдың таралу деңгейін өлшеуге жетеді», — делінген хабарламада.

Сондай-ақ, оператордың мәлімдеуінше, алдағы уақытта Шымкент тәжірибесі 5G желісін салудың және енгізудің дайын бизнес-кейсі болмақ.

«Біздің міндетіміз – 5G желісін техникалық тұрғыдан сынау ғана емес, сонымен қатар технологияны енгізу үшін мемлекеттік қандай реттеуші мәселелерді шешу керек екенін түсіну. Мысалы, жиіліктер мен инфрақұрылымға барлық оператордың тең қол жеткізуі мен мемлекеттік мекемелердің 5G желісін заманауи стандарттауы және сертификаттауы осы байланыс стандартының жаппай таралуына мүмкіндік береді. Нарықтың барлық қатысушысын ортақ 5G желісін салу бағытында бірігуге шақырамыз, себебі бұл өте қымбат және өзін-өзі ақтауы ұзақ уақытты қажет ететін технология», — деді Beeline Қазақстанның Бас атқарушы директоры Евгений Настрадин.

Айта кетейік, қазір Beeline байланысына Қазақстанның 3700-ден астам қаласы мен елді мекенінде қосылуға болады. Бұл – халықтың 95%-ы, олардың 65%-ы 4G стандартындағы интернетке қол жеткізе алады.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!