Алматыда ҚазҰПУ төңірегіндегі дауға қатысты ректор пікір білдірді

11:37, 14 желтоқсан 2022

Алматы. 14 желтоқсан. 7kun.kz – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық унверситетінің ректоры Дархан Біләлов оқу орнындағы дауға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, университеттің жөндеу жұмыстарын жүргізген «Сұңқар» ЖШС өзіне артылған міндетті толық орындамаған.

Оның айтуынша, құрылыс мердігерлерінің кесірінен әлі күнге дейін студенттердің оқу ғимаратында білім ала алмай жүр. Жөндеу жұмыстарының дер кезінде аяқталмауы салдарынан химия, физика кабинеттері және зертханалар жабық тұр.

Университет басшылығы өз ісіне жауапсыздық танытқан «Сұңқар» ЖШС-ін  кінәлайды. Олардың айтуынша, мердігер мемлекеттік сатып алуда көрсетілген бағаны қолдан төмендету арқылы ұтып алғанымен, жұмысты сапасыз орындаған әрі тиісті міндеттерін соңына дейін жеткізбеген.

««Сұңқар» ЖШС университеттің ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша жарияланған тендерді ұтты. Бастапқы бағаның құнын 69%-ға дейін түсіру арқылы тендерді ұтып алған. Ең төменгі бағаны ұсынумен тендерде жеңімпаз болса да жұмысқа келгенде жауапсыздық танытты. «Сұңқар» компаниясы бізге келісім-шартты созуды ғана емес, ақысын қосымша көтеруді де сұраған. Біз бұл әрекетті дұрыс деп есептемейміз. Тендерді басқа бағамен ұтып алып, кейін тағы ақы сұрау заңсыздық. Тіптен келісім-шартта көрсетілмесе де алдын ала аванс сұрады», – деді Дархан Біләлов.

Педагогикалық білім беретін оқу орнындағылардың мәліметінше, «Сұңқар» ЖШС 141 миллион теңгенің тендерін 89 миллион теңгеге дейін қолдан түсірген. Компания жеті ай уақыт өтсе де жөндеу жұмыстарын толық аяқтамады. Университет басшылығы сапасыз жөндеу жүргізген компаниямен соттасатынын айтты.

«Бұл компания өздеріне тиесілі жұмысты уақытында бітірген жоқ.  Мерзімін тағы бір айға создық. Сонда да жұмысын аяқтамады. Ақыры 14 қараша күні біржақты келісім-шартты бұзып, сотқа беруден басқа амалымыз қалмады. Барлық дәлелдеме қолымызда бар, акт толтырылған. Жыл сайын шамамен 600-дей мемлекеттік сатып алу өткіземіз. Тек биылдың өзінде онға жуық жөндеу жұмысы жөнінде тендер өтті. Барлығы өз міндеттемелерін орындады. Тек осы «Сұңқар» компаниясы ғана дау туғызып отыр. Бұл мемлекеттік оқу орны болып есептеледі. Қарапайым ауылдан келген студенттер оқиды. Олардың ата-аналары ақы төлейді. Сондықтан заңсыздыққа бара алмаймыз. Егер мұндай компанияны сотқа бермесек, біз де заң бұзған болып есептелеміз», – деді университеттің ректоры.

Ал «Сұңқар» ЖШС өкілдері жұмысты толық аяқтағандарын, керісінше ректорат өздеріне әлі 32 миллион теңге берешек екенін айтып, осыған дейін БАҚ өкілдеріне шағымданған болатын. Құрылысшылар ала жаздайғы еңбегінің ақысын талап етіп, оқу орнына келген. Олардың айтуынша, Қазыбек би, 30 мекенжайындағы университеттің 7 қабаттық оқу корпусына үш бірдей мердігер компания жөндеу жүргізген. Алайда іс біткен соң университеттің басшылары сан түрлі сылтаумен ақысын толық төлемей отыр, деп шағымданды.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!