2023 жылы жарты миллион бала жазғы лагерьде демалады

13:02, 22 шілде 2019

Алматы. 22 шілде. 7kun.kz — Инвесторлар жазғы лагерьлердегі балалар санын көбейтуге көмектеседі. Мұндай нәтижелерге мемлекеттік-жеке меншік әріптестік (МЖӘ) тетігін пайдалану есебінен қол жеткізу жоспарлануда, деп хабарлады Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Такиев.

«Колледждерді сенімді басқаруға беру және жазғы лагерьлердің желісін оларды санаторийлер, турбазалар, ұлттық парктер, жоғары оқу орындары жанынан ашу арқылы кеңейту; жұмыс істемейтін лагерьлерді қалпына келтіру бойынша тетіктер пысықталып жатыр. Осы тетікті қолдану арқылы білім министрлігі 2023 жылы балалар лагерлерінің санын 236-тен 1000-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр, онда жазғы кезеңде 500 мыңға жуық бала демалатын болады», — деді ол баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, оның айтуынша, МЖӘ тетігі арқылы мектептегі тамақтану мәселесі шешіліп жатыр. Мысалы, Ақмола облысында мектеп асханаларын сенімді басқару бойынша 21 келісім-шарт жасалды.

«Пысықтаудың түрлі кезеңдерінде бізде Шығыс Қазақстан облысында — 43, Солтүстік Қазақстан облысында – 31, Түркістан қаласында — 22 жоба бар», – деп атап өтті Такиев.

Бұдан басқа, МЖӘ тетігі арқылы 29,5 мың орынға арналған 219 балабақша іске қосылды. Сондай-ақ, вице-министрдің айтуынша, Қарағанды облысында бір жоба, Батыс Қазақстан облысында екі жоба және Солтүстік Қазақстан облысында үш жоба бойынша студенттерге арналған жатақханалар салу жоспарланған.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!