Ескі көлікке арзан сайман табу мұң болады

11:02, 21 мамыр 2020

Жүргізуші куәлігі жақын уақытта қажеттілігін жоғалтады. Тоқтатқан тәртіп сақшысына сақтандыру полисі, техникалық бақылау туралы мәліметті бөлек-бөлек ұсынбаса да болады. Ішкі істер министрлігі осындай норманы ұсынуды көздеп отыр. Одан бөлек, автобөлшек саудасын қатаң бақылауға аламыз дейді. Қалайша? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Еуразиялық экономикалық одақ құрылғалы елге келетін көліктер ағыны көбейген. Біразы бақылаусыз қалып қойып, заңсыз саудаға да түсіп кеткені белгілі. Енді одаққа мүше өзге елдерден келетін темір тұлпарлардың барлығына арнайы навигациялық пломба орнатылмақ. Бұл бастаманы Мәжіліс депутаттары көтерген. Ол арқылы аумаққа кірген машинаны Мемлекеттік кірістер комитеті бақылайды. Оған қанша қаржы жұмсалатыны айтылмады, есесіне жыл сайын кемінде 25 млрд теңгелік түсімнен қағылып отырғанымыз сөз болды.

Қанат Баеділов, ҚР Қаржы вице-министрі:

"Құрығымыз ұзын. Әр облыста, ауданда Мемлекеттік кірістер комитетінің аумақтық бөлімдері бар. Заң жобасы қабылданған соң Мемлекеттік кірістер комитеті, Ішкі істер министрлігі және Экономикалық тергеу қызметі арасындағы өзара қимыл тәртібі бекітіледі".

Көлік ұрлығына қатысты да әңгіме өрбіді. 27 жылда ел азаматтары 75 мың машинасынан көз жазып қалыпты. Оның тек 20 проценті ғана қайтарылған. Көбісі көрші Ресейге кетсе керек. Енді Еуразиялық экономикалық одақ ішінде бірыңғай база болмақ. Ал ел ішінде сауда жүргізу жөніндегі тәртіпке бір ұсыныс енгізіліпті.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:

"Қандай да бір бөлшекті базарға апарып, сатқызбас бұрын, көлік иесі техникалық паспорт пен өзінің жеке куәлігін ұсынуы керек. Осылайша біз автобөлшекті кім және қашан сатқанын біліп отырамыз".

Көліктің айна-дөңгелегін ұрлау мәселесі көптен бері көтеріліп келе жатыр. Осындай қарақшылар даңқты спортшымыз Денис Теннің өліміне себепші болып еді есіңізде болса. Содан кейін заңсыз сауда нарығын бақылауға алу тетіктері жан-жақты талқыланып келіп еді.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

"Карантин кезінде базарлар жұмыс істемеді. Оның ішінде автокөлік бөлшектерін сататындар да жабылды. Дәл сол кезде ұрлық та тыйылды. Яғни, сату орны болған кезде ұрылар көбейеді".

Карантин кезінде көзге көрінген тағы бір өзгеріс. Цифрландыру үрдісі жедел дамып, Еуропаның кей мемлекеттерімен теңесіп қалыппыз. Әзірге тек көлік иелеріне қатысты мәліметті тексеру бойынша. Жаңа норма әзірленіп жатыр.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:

"Көлік жүргізушісі өзімен бірге жеке куәлігін ұстап жүрсе де жеткілікті болады. Барлық құжаттарын тасудың қажеті шамалы қазір. Біз куәліктегі мәліметтер бойынша азаматтың қандай көлікке ие екенін, қанша сенімхат жазылғанын, сақтандыру полисінің мерзімі өткен-өтпегенін, техникалық бақылаудан қашан өткенін, қандай айыппұл қарыз екенін көреміз".

Айта кетейін, бұл тек ел ішінде ғана күші бар норма. Басқа мемлекетке барғанда өзге құжаттар қажет болады, дейді министр.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!