Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесті

15:41, 7 желтоқсан 2024

© Сурет: Ақорда

7 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақорданың хабарлауынша, Мемлекет басшысы Доха форумына шақырғаны үшін шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге алғыс айтып, аталған жиын әлемдегі өзекті проблемалар бойынша ашық пікір алмасуға мүмкіндік беретін бірегей диалог алаңы екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірінің стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілген екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Әңгімелесу барысында банк, телекоммуникация, энергетика, ауыл шаруашылығы және медицина салаларындағы инвестициялық жобаларға қатысты келісімдерді уақытылы әрі сапалы жүзеге асыру мәселесіне ерекше мән берілді.

Қазақстан Президенті Қатар бизнесімен бірлескен жобалар екі елдің дамуына септігін тигізетініне сенімді екенін атап өтті.

Қатар Әмірі Астана мен Доха арасындағы ынтымақтастық ұзақмерзімді стратегиялық сипат алғанын жеткізді. Сондай-ақ ол екіжақты сапар барысында қабылданған шешімдерді іске асыру бойынша үкіметтер жүйелі жұмыс атқарып жатқанына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни жоғары деңгейдегі белсенді саяси диалог қазақ-қатар қатынастарын нығайтуға алдағы уақытта да ықпал ететініне назар аударды.

Айта кетсек, бүгінгі күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік іс сапармен Қатар елінде жүр. 6 желтоқсанда Қатарда Президент Power International Holding компаниясының иелері Муатаз Әл-Хаят пен Рамез Әл-Хаятты қабылдап, Nebras Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Нассер Әл-Хаджримен де кездесті. Ал бүгін, 7 желтоқсанда Қасым-Жомарт Тоқаев Доха форумының ашылу салтанатына мәртебелі мейман ретінде қатысқан болатын.

 

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!