Биатлоншылар Универсиадаға дайын

23:00, 12 қаңтар 2017

Биатлон десе ішер асын жерге қоятын жанкүйерлер Универсиаданың басталуын асыға күтіп отырғаны анық. Әлем кубогы жолындағы жарыстарда үздіктер арасынан көрініп жүрген қыз-жігіттер соңғы дайындықтарын өткізуде.

Биатлон жарысы – көрер көзге қызық болғанымен, өте қиын спорт түрлерінің бірі. Спортшылар аяққа шаңғы байлап жүгіру ғана емес, нысана көздеп мергендік танытулары тиіс. 

Универсиада кезінде ел намысын қорғайтын үміткерлер белгілі. Ерлер арасында Антон Пантов пен Роман Еремин секілді тәжірибелі жігіттерге бапкерлер сенім артады.

Михаил Дудченко, Биатлоннан Қазақстан құрамасының бас бапкері  

-Біздің жігіттердің осалы жоқ. Бәрі де халықаралық жарыстарға қатысып, әбден ысылған. Дегенмен Максим Браун мен Пантовты бөле жара айтсақ болады. Олар осы маусымның өзінде әлем кубогының кезеңінде ұпай алып үлгерді. Бұл үлкен нәтиже. Жастарымыздың да аяқ алысы жаман емес.  

Биылғы маусым биатлоншылар үшін жарысқа толы. 2018 жылы Оңтүстік Кореяда өтетін Олимпиада ойындарының іріктеу кезеңі басталады. Әлем кубогының  кезеңдері  бар. Және Универсиада мен Азия ойындары күтіп тұр. Сондықтан босаңсуға уақыт жоқ.

Антон Пантов, Биатлоннан Қазақстан құрамасының мүшесі  

-Біз бірінші рет сынға түскелі отырған жоқпыз. Бұған дейін де ұлттық біріншілікте, ел кубогы жолындағы жарыстарда бақ сынадық. Ең қиын трасса екені рас. Егер күшіңді есеппен жұмсамасаң, мәре сызығына жетпей шаршап қалуың мүмкін. Бұл жерде тәжірибенің маңызы зор.

Универсиада кезінде биатлоншылар «Алатау» спорт кешенінде жүлделі орындарды сарапқа салады.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Мұхит Құдықбаев

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!