Қазақстан мен Ресей президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді

12:46, 28 мамыр 2026

© Сурет: akorda.kz

2026 жылғы 28 мамырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин шағын құрамдағы келіссөздер өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы Ақорданың Telegram-арнасынан белгілі болды. Мемлекет басшысы мемлекеттік сапармен Қазақстан астанасына келген Ресей Президентін қарсы алып, сәлемдесті.

"Құрметті Владимир Владимирович, елордаға қош келдіңіз! Мемлекеттік сапармен келгеніңізге қуаныштымын. Бұл сапардың елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды дамыту тұрғысынан мәні зор. Сонымен қатар Еуразия құрлығындағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде де айрықша мәнге ие деп ойлаймын. Өйткені біздің елдеріміз алып Еуразия кеңістігінің өзегі саналады." Қасым-Жомарт Тоқаев

Осы орайда мемлекет басшысы екі мәселені ерекше атап өтті.

"Біріншісі, елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың жеті негізі туралы бірлескен мәлімдеме. Жеті – қасиетті сан. Құжат өте мазмұнды. Бұл жөнінде баспасөз конференциясында толығырақ айтамын. Оны өзім қарап, түзетулер енгіздім. Аталған мәлімдеме екі ел жылнамасына маңызды оқиға ретінде енеді деп сенемін. Екіншісі, Қазақстанда атом электр станциясының құрылысына қатысты келісімге қол қою. Осы жобаға қолдау көрсеткеніңіз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін." Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысының айтуынша, Атом электр станциясын салу туралы келісімнің стратегиялық маңызы туралы, кеңінен тоқталудың қажеті жоқ, өйткені бұл бәріне түсінікті.

АЭС құрылысы туралы келісімнің стратегиялық мәні жөнінде айта беру артық. Бұл бәріне түсінікті. Біз – достас, бауырлас елдерміз. Ортақ бай тарихымыз бар, мәдени дәстүрлеріміз бен халықтарымыздың менталитеті бір біріне ұқсас. Кешегі бейресми кездесуде ол жөнінде егжей-тегжейлі айтып, өткенді еске алдық. Ресей үшін де мұның мәні ерекше деп ойлаймын. Біз халықтарымыздың түпкілікті мүддесіне сай жұмыс істейміз. Азаматтарымыз мемлекеттеріміздің достығы мен ынтымағы сақталғанын қалайды. Одан әрі өркендеу үшін баршамызға бейбітшілік қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев

Өз кезегінде Владимир Путин Қазақстан президентіне ресми шақыру үшін алғыс білдірді.

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Ең әуелі шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Былтыр бізге мемлекеттік сапармен келгеніңізге қуандық. Сол кезде ғасырлар бойы, соның ішінде бір мемлекет аясында қалыптасқан халықтарымыз арасындағы берік достық пен өзара құрметке негізделген стратегиялық серіктестігімізді кеңейту бағытында тағы да алға қарай қадам жасадық." Владимир Путин

Путин бұл күндердегі жұмыс та өте өнімді болатынына сенім білдірді.

"Бейресми сипатта өткен кешегі кездесу үшін ризашылығымды білдіремін. Өзара ықпалдастығымыздың көптеген маңызды әрі перспективті бағыты бойынша пікір алмастық. Делегациямыз еліңізге мереке қарсаңында келіп отыр. Ресей мұсылмандары Құрбан айт мерекесін атап өтеді. Қазақстанда да бұл мейрам кеңінен тойланатынын білемін." Владимир Путин

Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путинді Астанадағы Тәуелсіздік сарайында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Ресей басшысын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеке өзі қарсы алды.

Владимир Путин Қазақстанда 2026 жылғы 29 мамырға дейін болады. Ақорданың мәліметінше, тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларына арналған келіссөздер өткізеді.

28 мамырда Астанада Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен Еуразиялық экономикалық форум өтеді. Ал 29 мамырда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы жоспарланған.

 

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!