Жыл қорытындысы: Ерлігімен елін сүйсінткен бүгінгінің батырлары
© Сурет: Zakon.kz
Zakon.kz өтіп бара жатқан жылда өз басын қатерге тігіп, қарт әжеден бесіктегі сәбиге дейін көптеген адамды құтқарып қалған батырларымызды еске түсіріп, елді елең еткізген оқиғаларды шолып шықты.
Қаралы қаңтармен басталған барыс жылы жайлы-жайсыз оқиғаларға толы болды. Түрлі апаттар мен тілсіз жау биыл да талай адамның өміріне қауіп төндірді. Дегенмен, сын сағатта жанұшыра отқа да, суға да түскен азаматтар, ерлік істер аз болмады.
Өрт
Өрт – тілсіз жау десек, биыл өртке қауіпті кезең басталғаннан бері Қазақстанда 800 орман және 111 дала өрті тіркелді. Ең ірілері Қазақстанның солтүстігінде, Қарағанды және Алматы облыстарында, Шығыс Қазақстан облысында 100 мың гектарға жуық орманды жойып жіберді.

Сурет: ҚР ТЖМ
Алғашқы өрт Қостанай облысы Әулиекөл ауданына қарасты Басаман және Семиозерный орман шаруашылығы бөлімдерінің аумағынан шықты. Ол өртті ауыздықтауға бір аптадам астам уақыт кетті. Өрт жалпы 43 мың гектар аумақты, екі елді мекендегі 91 үйді шарпыды. Салдарынан 12 адам жарақат алды, кейбірін күйік шалды, түтінге уланды, бір адам қайтыс болды. Кейін бұл өрттен 137 жануар мен 130 құс өлгені анықталды. Экологтар Қостанай облысының экожүйесін қалпына келтіруге 70 жылдан 150 жылға дейін уақыт кететінін айтты.
Бұл өрт ауыздықталды дегенде Қазақстанның басқа аймақтарында ормандар өртене бастады. Еліміздегі орман қорының жалпы шығыны 92567 гектар болды.

Сурет: ҚР ТЖМ
Қостанай обылысындағы өртті сөндіруге қатысқа құтқарушылар түрлі марапатқа ие болды. Атап айтсақ, Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаменті 10 өрт сөндірушіні "Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін" медалімен, 14 құтқарушыны "Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін" төсбелгісімен, 11 адамды "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" төсбелгісімен, 10 адамды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мақтау қағазымен Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің 7 қызметкерін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің алғыс хатымен, 5 қызметкерді президенттің алғыс хатымен марапаттады.
Кейін Қостанай облысындағы өртті сөндіруде ерекше көзге түскен құтқарушыларды ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин марапаттады. Медальдар мен төсбелгілерді Әулиекөл ауданының өрт сөндіру бөлімдері мен бекеттерінің қызметкерлері алды. Олардың біразы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрмет грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталды. Барлығы 48 адам марапатталды.
Мемлекет басшысы Қостанай облысындағы өртті сөндіруге көмектескен 20 қазақстандықты марапаттады.
Әскери және қызметтік борышын атқарудағы жанқиярлығы, сондай-ақ төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі үшін "Ерлігі үшін" медалімен:
Сұлтан Ахметқалиев – Астана қаласы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі;
Азат Әбуқалық – Астана қаласы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №17 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі;
Алдияр Әкім – Астана қаласы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі;
Нұрсұлтан Бағытжанов – Қостанай облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №23 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі;
Ержан Базаров – "Қазавиақұтқару" АҚ әуе кемесінің командирі;
Аслан Байбөгенов – Қостанай облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №15 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі;
Алексей Бауэр – волонтер;
Айдос Боромбаев – Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №21 өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі;
Айбек Ержанов – "Қазавиақұтқару" АҚ әуе кемесінің командирі;
Самат Жапаров – Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі;
Нұрсұлтан Жолдасов – Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі;
Қуанышбек Қайыров – Ұлттық ұланның "Орталық" өңірлік қолбасшылығының 5510 әскери бөлімінің сержанты;
Алмат Махамбетов – Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №18 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі;
Абай Мусин – Ішкі істер министрлігінің Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының старшинасы
Ербол Рахин – волонтер;
Әнуар Төлеухан – Астана қаласы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі;
Александр Флейтлинг – Қорғаныс министрлігінің 31775 әскери бөлімінің материалдық-техникалық ротасының трактор жүргізушісі;
Мұрат Хасенов – "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компания" АҚ өрт сөндіру пойызының бастығы;
Медет Шайсұлтанов – Төтенше жағдайлар министрлігі Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі
Максим Щурихин – Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі.
Бүгінгі күннің қаһарман құтқарушылары
Өртеніп жатқан пәтерден қарт әже мен жас балаларды құтқару кезінде күйік шалып, қаза болған жас өрт сөндірушінің ерлігі халықтың қабырғасын қайыстырып кетті. Қайғылы оқиға елордадағы көпқабатты үйде қараша айының ортасында болды. Құтқару операциясының нәтижесінде тілсіз жаудан бес адам құтқарылды, алайда бір өрт сөндірушінің денесінің 80 пайызын күйік шалып, ол бірнеше күннен кейін жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Тағы бір құтқарушының беті-қолы күйік шалды, бақытымызға орай, ол аман қалды.
Мемлекет басшысы қос батырды наградтады. Қызметтік борышын атқаруда көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Астана қаласы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі жедел кезекшісінің көмекшісі Асқар Забикулин I дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды. Сонымен қатар, Забикулин "Алтын адам" ұлттық сыйлығымен марапатталды. Сыйлық өрт сөндірушінің жарына тапсырылды.

Сурет: ҚР ТЖМ

Сурет: ҚР ТЖМ
Тағы бір өрт сөндіруші Талғардағы жанып жатқан үйден алты баланы аман алып қалды. Тоғыз тұрғынды өрттен қауіпсіз жерге алып шыққан Ренат Нұрметов ерлігімен елін тәнті етті. Төтенше жағдайлар министрі Алматы облысының өрт сөндірушісіне "Ерлігі үшін" медалін табыс етті.

Сурет: ҚР ТЖМ
Биыл дәл осындай қауіпті жағдай Алматыда да болған еді. Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Қайрат Нұржаубаев 10-қабатты тұрғын үйден жеті адамды құтқарды, оның үшеуі бала.
12 қазан күні түсте "Алма Сити" тұрғын үй кешенінің үшінші қабатындағы пәтерден өрт шықты. Өрт сөндірушінің айтуынша, олар оқиға орнына жеткен кезде кіреберіс жақтан қою түтін шығып жатқан. Үшінші қабат пен оныншы қабат аралығындағы баспалдақты қою түтін басқандықтан, тұрғындар сыртқа шыға алмаған. Бөлім командирі мән-жайды барлап алып, ыстық әрі түтіннен ештеңе көрінбейтін ғимараттан адамдарды аман алып шықты.

Сурет: ҚР ТЖМ
№6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау аға сержанты Қайрат Нұржаубаевты Қазақстан Республикасы президенті "Ерлігі үшін" медалімен наградтады.
Азаматтық қорғау органдарында қызмет атқарған жеті жылда Нұржаубаев ондаған адамды құтқарып қалған. Мәселен, 23 ақпанда Қайрат бірінші қабаттағы пәтерде қамалып қалған ер адамды өрттен аман алып қалды. Тұрғындарды эвакуациялау кезінде қатты түтіннің салдарынан құтқарушы терезедегі темір торларды кесіп, пәтерге кіріп, зардап шегушіні сыртқа шығарған.
Қостанайлық аға сержант Ерлік Сұрағанов та ерлігімен елге танылды. Ол досымен бірге 73 жастағы зейнеткерді өртеніп жатқан үйден аман алып шықты. 2022 жылдың мамыр айында президент жітіқаралық полиция қызметкеріне "Ерлігі үшін" медалін табыс етті.
Жақында павлодарлық өрт сөндіруші Мәрлен Әбенов ерлікке баларлық ісімен елді тәнті етті. Ол өзі тұрып жатқан көп қабатты тұрғын үйдің шатыранына түтін шығып жатқанын алғашқылардың бірі болып байқапты. Сол күні Мәрлен үйінде демалып жатқан. Түтінді байқаған бойда ол тоғызыншы қабатқа көтеріліп, төрт адамды, оның ішінде баласы бар әйелді эвакуациялады. Көршілерді түтіннен шығарған соң, ол жертөлеге жүгіріп, құтқарушылар келгенше жалынның үстіне бөтелкемен су құйып, өртті ауыздықтауға тырысқан.
Оқиға куәгерлері жас өрт сөндіруші басын қатерге тіккенін айтып, оның ерлігіне тәнті болды.
Ел ішінде де ерлік жасаған азаматтар көп
Өрт сөндіруші, құтқарушы деген арнайы мамандығы болмаса да, жерлесін қауіп-қатерден құтқарып қалған азаматтар жетерлік. 24 қыркүйекте Ақмола облысының тұрғыны Талғат Жексембеков Қоянды ауылында екі баланы өрттен аман алып қалды.
Анасы екі және үш жастағы екі қызын ұйықтатып, жақын маңда жұмыс істейтін күйеуіне түскі ас апарып келуге шығып кеткен. Осы сәтте балалар жатқан төсек пен көрпе-жастық жана бастаған.
Терезедегі түтінді көршісі байқап, үй маңында экскаватормен жұмыс істеп жатқан жұмысшыларды көмекке шақырған. Олар дереу көмекке ұмтылды. Есікті аша алмағандықтан, құлпыны бұзуға турк елген. Екі жасар қызды экскаваторшы қолына көтеріп шықса, екінші қыз оның соңынан өзі жүгіріп шыққан. Балалар әртүрлі дәрежедегі термиялық күйікпен Астананың №2 қалалық ауруханасына жатқызылды. Талғат Жексембеков дер кезінде жетіп үлгермегенде, үйдегі газ баллоны жарылуы мүмкін еді.
Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаменті Талғат Жексембековті "Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін" медалімен марапаттады.
Павлодар облысында жол-көлік оқиғасының куәгері жанып жатқан көліктен адамдарды құтқарып қалды. Маралды ауылының тұрғыны Еркебұлан Жүзбаев басын қатерге тігіп, Павлодар – Шарбақты тас жолында зардап шеккендерге көмекке ұмтылды.
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов батырдың үйіне барып, "Облысқа сіңірген еңбегі үшін" төсбелгісін табыстады.

Сурет: видеодан скриншот
Посмотреть эту публикацию в InstagramИсточник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!Тағы да оқыңыздар:
- 16:59, 19 желтоқсан 2025
Ақтөбелік азамат аса ірі көлемдегі есірткі заттарын жалдамалы пәтерде сақтаған
- 16:54, 19 желтоқсан 2025
Жаңа жыл түні рұқсат етілетін ішімдік мөлшері белгілі болды
- 16:42, 19 желтоқсан 2025
Тараз қаласында төртінші «Келешек мектебі» ашылды
- 16:34, 19 желтоқсан 2025
-27°C дейінгі аяз бен қарлы боран: Алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
- 16:28, 19 желтоқсан 2025
Сәулетшілер Алматының тарихи келбетін сақтап қалу үшін қандай жұмыстар жүргізіп жатыр





