Жетісу облысында полиция биыл үш мыңға жуық құқық бұзушылықты анықтады

15:19, 10 тамыз 2026
MKZ: 1560546

© Фото: Zakon.kz

Жетісу облысында полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішу және мас күйінде жүру фактілерінің алдын алу бағытында күнделікті жүйелі жұмыс жүргізуде.

Ерекше назар көшелерге, саябақтарға, скверлерге және азаматтар көп жиналатын өзге де қоғамдық орындарға аударылады. Патрульдік нарядтармен қатар қоғамдық орындардағы жағдайды Жетісу облысы полиция департаментінің жедел басқару орталығының қызметкерлері бейнебақылау камералары арқылы тәулік бойы бақылауда ұстайды.

Бейнебақылау барысында алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген азаматтар анықталған жағдайда ақпарат жақын маңдағы полиция экипаждарына дереу беріледі. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдайды.

Жыл басынан бері облыс аумағында қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішу және мас күйінде жүруге байланысты үш мыңға жуық құқық бұзушылық фактісі анықталды. Бұл бағыттағы жұмыс күн сайын жүйелі түрде жүргізіледі.

Полицияның негізгі мақсаты — құқық бұзушылықты анықтап қана қоймай, алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс тұтыну салдарынан туындауы мүмкін жанжалдардың, бұзақылық әрекеттердің және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу.

"Заң және тәртіп" қағидаты аясында Жетісу облысының полициясы қоғамдық орындардағы қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда. Полиция тұрғындар мен өңір қонақтарын қоғамдық тәртіпті сақтауға, айналасындағыларға құрметпен қарауға және заң талаптарын бұзбауға шақырады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!