Жердің тағы бір серігі анықталды: оның Айдан қандай айырмашылығы бар

14:19, 6 қараша 2026
MKZ: 1576312

© Сурет: pexels

Ай - Жердің табиғи серігі. Алайда жақында астрономдар тағы бір серіктің бар екенін ресми түрде жариялады. Бірақ ол - уақытша серік, деп хабарлайды Zakon.kz.

2026 QQ8 деп белгіленген ғарыштық нысан алғаш рет 2026 жылдың тамызында анықталды. Ол сәуір айында Жер орбитасына енген. Бұл жаңалықты 29 қазанда Халықаралық астрономиялық одақтың Кіші ғаламшарлар орталығы ресми түрде жариялады, деп жазады Space.com.

Венгриялық астроном Кристиан Сарнецки тамыз айында бұл шағын серікті алғаш байқағанда, ғалымдар оны ғарыш зымыранынан бөлініп қалған қалдық болуы мүмкін деп болжаған. Алайда кейінгі бақылаулар оның табиғи жолмен пайда болған нағыз астероид екенін растады.

Сәуір айында оның траекториясы Жерге жақындап, ол "Хилл сферасына" енген. Бұл – ғарыш нысанының айналасындағы аймақ, мұнда оның өз тартылыс күші айналып жүрген ірі нысанның тартылыс күшінен басым болады. Бұл жағдайда 2026 QQ8 Күннің емес, Жердің тартылыс күшіне ілінетін аймаққа тап болған.

Алайда бұл нысан Жердің серігі мәртебесінде ұзақ болмайды. Ол желтоқсанға дейін Жердің тартылыс күшінің ықпалында болады да, 2027 жылы планетадан алыстап кетеді.

Ғалымдар QQ8 астероидының орбитасын модельдеп, оның Күнді бір рет айналып шығуына 359 күн, яғни Жердегі шамамен 0,98 жыл қажет екенін анықтады. QQ8 Жерге шамамен 10 жылда бір рет жақындайды. Бірақ бұл жолы ол планетаға соншалық жақын келгендіктен, Жер оны өз тартылыс күшімен ұстап қалған.

Кіші ғаламшарлар орталығының мәліметінше, QQ8 Жердің уақытша серігі болып жүрген кезеңде планетамызға ең жақын келгенде, олардың арақашықтығы шамамен 568 мың шақырым болады. Бұл Жер мен Айдың орташа арақашықтығынан шамамен 177 мың шақырымға артық.

Тіпті QQ8 Жермен соқтығысатындай жақындаған күннің өзінде, диаметрі небәрі 2 метрге жуық болғандықтан, планетаның бетіне жетпей-ақ атмосферада толық жанып кетуі мүмкін.

Бұл – Жердің уақытша серікке ие болуының алғашқы жағдайы емес. 2025 жылы жүргізілген зерттеулер планетамыздың айналасында бір мезгілде алтыға дейін шағын серік айналуы мүмкін екенін көрсетті. Олардың көбі – Жердің тұрақты табиғи серігі Айдан бөлініп шыққан бөлшектер.

QQ8 шағын болғанымен, уақытша серіктердің орташа өлшемінен үлкен. Модельдеу нәтижелері бойынша, мұндай серіктердің орташа диаметрі 75 сантиметрді құрайды.

Айта кетейік, 2026 жылдың жазында Қытайдың "Тяньвэнь-2" ғарыш аппараты Жердің квазисеріктерінің бірі – Камооалеваға жақындағаны белгілі болды. Ал Күн жүйесіндегі ең танымал квазисеріктердің бірі – Венераға жақын орналасқан Зоозве. Ол өз атауын балаларға арналған плакаттағы қателіктің салдарынан алған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!