Түркістан облысында 850 млн теңге ұрлаған кәсіпкер сотталды

18:49, 14 қараша 2024

© Сурет: freepik

Түркістан облысының Созақ аудандық соты мердігерлік ұйым - "Iri building" ЖШС-ның директоры Нұрлан Әбілдиновке қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Биғайдаров 2024 жылғы 14 қарашада өткен брифингте атап өткендей, Нұрлан Әбілдинов 2019-2021 жылдары Түркістан облысы Созақ ауданындағы Қаратау кенішіндегі уран өндіруші кәсіпорынды модернизациялау жобасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарына бөлінген 862 млн теңгені ұрлағаны үшін сегіз жылға бас бостандығынан айырылған.

"Оның сыбайластары Момот, Кончаков, Алматов ақша жымқыруға көмектескені үшін кінәлі деп танылып, сот оларға жеті жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", – деді Данияр Биғайдаров.

Бұл ретте сот Кончаковты қылмыстық жауаптылықтан босатып, оған жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу шараларын тағайындады. Сондай-ақ сот сотталғандардан материалдық залалды бірлесіп өндіріп алу туралы азаматтық талапты қанағаттандырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Шымкент қаласының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаевтың сотталғаны хабарлаған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!