Тоқтар Әубәкіров «Қарағанды облысының құрметті азаматы» атанды

20:00, 15 желтоқсан 2016

Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров «Қарағанды облысының құрметті азаматы» атанды.

Мәртебелі марапатты Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған жиында облыс әкімі табыстады. Сондай-ақ салтанат барысында ел дамуына еңбегі сіңген түрлі сала қызметкерлері мемлекеттік наградаларға ие болды.

Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде еліміздің өндірісті аймағы да айтарлықтай дамыды. 

Бүгінде өңірдегі жалпы ішкі өнім көлемі 3 триллион теңгеге жеткен. Биылғы науқанда бұрын-соңды болмаған рекордтық көлемде астық жиналды. Диқандар 1 миллион тонна бидайды қамбаға құйды. Осынау еңбек майталмандарының ешқайсы да бұл күні марапаттан кенде қалған жоқ.  

Нұрмұхамбет Әбдібеков, Қарағанды облысының әкімі

-Егеменді елімізді бүкіл дүние жүзі мойындады. Қорғанысы қуатты, экономикасы тұрақты мемлекетке айналдық. Қазақстанның осы тарихи табыстарына қазыналы Қарағанды облысы да өз үлесін қосып келеді.  

Арқа жұрты қазақтың батыр ұлына тік тұрып қошемет көрсетті. Облыс әкімі Тоқтар Әубәкірвке «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағын табыстады. Бұндай марапатты бұған дейін санаулы адамдар ғана алған. 

Дәл осындай құрмет мемлекет қайраткері Оралбай Әбдікәрімов пен белгілі ғалым Николай Дриждке де көрсетілді.

Тоқтар Әубәкіров, Халық қаһарманы

-Бүкіл халық, қазақстандықтар осы Тәуелсіздікке ортақ болып, көп жұмыс жасап, осындай жетістікке келдік. Қайырлы болсын.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өткен салтанатты шарада түрлі саланың 100-ге жуық маманы мемлекеттік марапатқа ие болды. 

Ал облыс көлемінде награда алғандардың жалпы саны 1150-ге жеткен. Олардың барлығы да өз ісінің үздігі, ел экономикасының ілгері басуына үлес қосқан жандар. 

Бұл кеште олардың құрметіне жергілікті өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты. 

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!