Тоқаев: Мемлекеттік деректердің бірыңғай жүйесі болмаса, жасанды интеллектіден пайда жоқ
© Сурет: akorda.kz
Алматыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысы өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президент әлемдік деңгейдегі жетекші зертханалардың соңғы деректеріне сүйене отырып, дамыған және дамушы экономикалар арасындағы алшақтық тез ұлғайып келе жатқанын атап өтті.
"Жасанды интеллектінің бір ерекшелігі – капитал да, технология да көшбасшылардың қолына шоғырланады. Уақтылы әрі батыл шешім қабылдамаса, ертең "технологиялық алшақтықты" қысқарту қиынға соғады. Бұл – Қазақстан үшін алаңдатарлық ахуал. Қазіргі жағдайды егжей-тегжейлі саралап, нақты интеллектуалдық өнімдер жасауға қабілетіміз қаншалықты жететінін анық түсіну керек. Еліміз классикалық "Орта табыс дағдарысына" тап болды деген сарапшылардың пікірімен келіспеске амал жоқ. Мұндай кезде табиғи ресурстар мен арзан жұмыс күші секілді дәстүрлі ресурстар сарқыла бастайды, ал экономикалық өсімге серпін беретін жаңа салалар тиісті деңгейде дамымайды немесе іске қосылмайды. Экономиканың тұралауына жол бермеу үшін үлкен цифрлық платформалар құру қажет. Сол арқылы цифрлық экономикаға жедел ауысу амалын іздеген дұрыс. Мемлекеттік деректердің бірыңғай жүйесі болмаса, жасанды интеллектіден пайда жоқ. Осы орайда мемлекеттік сервистерді көзге көрінбейтін, бірақ өте тиімді операциялық жүйеге трансформациялау керек. Сонда шамадан тыс бюрократиялық талаптардан құтыламыз. Қазіргі жүйе бойынша сұраныс жіберуден бастап шешім қабылдауға дейінгі аралыққа бірнеше күн немесе бірнеше апта кетеді. Негізі, аталған цикл бірнеше секундқа дейін қысқаруға тиіс. Сол кезде елдегі капитал айналымы жеделдей түседі", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жасанды интеллект саласындағы негізгі мемлекеттік жобаларға тоқталды.
Дүниежүзілік банктің мәліметінше, цифрлық экономиканың әлемдік ІЖӨ-дегі үлесі 15 пайыздан асқан. Бұл жаһандық бәсекенің тауар нарығынан дерекқор мен стандарттар нарығына қарай ойысқанын анық көрсетеді.
"Бүгінгі өзгерістердің әсерін еліміз әлі толық сезіне қойған жоқ. Өткен айда Қазақстан бірыңғай кедендік рәсімдеу платформасына өтті. Енді декларация толтыру уақыты бір минуттан аспайды, құжаттардың басым бөлігі автоматты түрде қаралады. Сонымен қатар Smart Cargo ұлттық логистика платформасы жасалып жатыр. Ол 127 дерек көзіне тікелей қосылады. Тұғырнама адал жұмыс істейтін компанияларға шекарадан тез арада өтуге мүмкіндік береді. Салық саласында да түбегейлі өзгерістер орын алды. Салықтық әкімшілендірудің біртұтас жүйесі құжаттарды өңдеу уақытын бір сағаттан бір минутқа дейін қысқартып, екі миллион салық төлеушінің сервисті пайдалануын жеңілдетті. Smart Data Finance платформасының іске қосылуы – елеулі жетістіктердің бірі. Жүйе мобильді аударымдардан бастап ұшақпен сапарлауға дейінгі әрекеттердің бәрін қамтитын 78 дереккөзден аналитикалық мәлімет жинайды. Бюджетке онлайн-мониторинг жасау жүздеген миллиард теңге тәуекелі бар төлемдердің алдын алады. Ұлттық тауарлар каталогына 23 миллионнан астам өнім түрі енгізілді. Осы арқылы мемлекеттік сатып алулардың болжамдық-талдамалық моделі жасалып, жыл сайын 200 миллиард теңгеден астам қаржыны үнемдеуге болады", – деді Мемлекет басшысы.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
14:42, 4 мамыр 2026
Астанада ірі көлемде алаяқтық жасаған азамат ұсталды
-
14:25, 4 мамыр 2026
Президент үкіметке «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасын мұқият пысықтауды тапсырды
-
14:17, 4 мамыр 2026
Президент жасанды интеллектіні өнеркәсіпке енгізу мәселесін келесі кеңесте қарауды ұсынды
-
14:10, 4 мамыр 2026
Қасым-Жомарт Тоқаев: экономиканы цифрландыру тиімді болуы үшін нақты өлшемді көрсеткіштер қажет
-
14:06, 4 мамыр 2026
Қазақстанға білікті мамандар тартуға барлық жағдай жасалған – президент





