Қазақстанға білікті мамандар тартуға барлық жағдай жасалған – президент

14:06, 4 мамыр 2026

© Фото: pixabay

Алматы қаласында өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге әлемнің түкпір-түкпірінен білікті мамандар мен инвесторларды тарту үшін қолайлы жағдай жасалып жатқанын мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, Қазақстанды өңірлік жайлы хаб ретінде дамыту мақсатында көші-қон үдерістері оңтайландырылып, толық цифрлық форматқа көшіріліп жатыр.

"Таяуда қолданысқа енгізілген "Алтын виза" осы бағыттағы маңызды шешімдердің бірі болды. Оның иелері ұзақ уақыт бойы еліміздің резиденті бола алады, артық әкімшілік рәсімдерден босатылады және бірқатар салықтық жеңілдіктерге ие болады. Сонымен қатар бағдарламаға қатысушылар мен олардың отбасы мүшелері Қазақстан азаматтарымен тең дәрежеде сапалы білім мен медициналық қызметтерге қол жеткізе алады", – деді Мемлекет басшысы.

Президент жасанды интеллектіні тиімді дамыту үшін елде деректерге негізделген басқару моделін енгізу қажет екенін де атап өтті.

Оның айтуынша, жүйеленген әрі сапалы деректер – жасанды интеллектіні дамытудың басты экономикалық негізі.

"Ең алдымен қазақ тілін заманауи цифрлық жүйелерге толық кіріктіруіміз керек. Сонда ғана деректерді құрылымдап, инновацияны барлық салаға енгізе аламыз. Ортақ деректер машина оқи алатын, өзара үйлесімді форматта болуы тиіс. Әйтпесе ең озық алгоритмдердің өзі тиімді жұмыс істемейді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазіргі таңда аса құнды мәліметтердің көп бөлігі архивтерде сақтаулы тұрғанын айтып, оларды жедел түрде цифрлық форматқа көшіру қажеттігін жеткізді.

Осыған байланысты Үкіметке архивтік және қолданыстағы мәліметтерді жасанды интеллект үлгілерін оқытуға арналған сапалы деректер қорына жинақтау тапсырылды.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі деректер сапасын айқындайтын ұлттық стандарт әзірлеуі тиіс.

Президент Үкіметке мемлекеттік бағдарламалардың нормативтік базасын қайта қарап, барлық мәліметті бірыңғай "деректер қоймасы" жүйесіне біріктіруді тапсырды.

"Егер бұл бағытта шұғыл шаралар қабылдамасақ, салынған инвестиция құмға сіңген судай жоғалуы мүмкін", – деді Мемлекет басшысы.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!