Тоқаев конституциялық реформа бойынша негізгі бағыттарды жариялады
© Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға енгізілетін өзгерістердің негізгі бағыттары мен Ата заңның мәтініне қатысты ұсыныстарды таныстырды.
Президент атап өткендей, кәсіби заңгерлер Конституцияның кейбір тұстарын нақтылау қажеттігін атап өткен.
"Атап айтқанда, Мемлекет басшысын сайлау мәселесі бойынша маңызды ұсыныс бар. Қазіргі Ата заңға сәйкес Президент өз міндетін атқара алмайтындай оқыс жағдай туындаса, оның өкілеттігі қалған мерзімге Сенат төрағасына беріледі. Сенат төрағасының мемлекетті басқаруға мүмкіндігі болмаса, Президент өкілеттігі белгіленген тәртіпке сәйкес тиісті лауазым иелеріне өтеді. Мәселенің бәрі "қалған мерзімге" деген сөзге келіп тіреледі. Басқаша айтсақ, "қалған мерзім" 6 айға да, 6 жылға да созылуы мүмкін. Сондықтан Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген норма негізгі заңда нақты көрсетілуі қажет. Бұл қадам халықаралық озық тәжірибеге сай келеді. Еліміздің кез келген басшысы билікке сайлау арқылы, яғни заңды түрде келуі керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным. Осы норма кейінгі мемлекет басшылары үшін де еш өзгермейтін қағида болуға тиіс", – деді Президент.
Сондай-ақ Конституция мәтінінде кейбір терминологиялық және стильдік кемшіліктер анықталғанын атап өтті.
"Кезінде жол берілген олқылықтарды Конституциялық реформа аясында түзетуіміз қажет. Бұл жұмысқа заңгерлермен қатар білікті тіл мамандары да тартылатын болады. Тағы бір маңызды мәселе – Ата заңның преамбуласын ұлттық құндылықтарымызды айқындап, қанша заман өтсе де өзекті болатындай етіп қайта жазу қажет. Онда қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің тарихы нақты көрініс табуы тиіс. Сол арқылы Қазақстанның Ұлы даладағы ұлы мемлекеттердің мұрагері екенін паш етуіміз керек. Бұдан бөлек, Конституцияға "Біз бәріміз Әділетті Қазақстанды ең жоғары мақсат ретінде көздейміз және оған жетеміз" деген қағидатты енгізу қажет", – деді Президент.
Президент Ата заңдағы зайырлылық нормаларын сақтау және күшейту қажеттігін атап өтті.
"Конституциямыз заман талабына сай болуы тиіс. ХХІ ғасырда цифрландыру үдерісі қарқынды жүріп жатыр. Жоғары технология адам өміріне, құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсер етеді. Сондықтан цифрландыру үдерісінің құқықтық негізін Ата заңда көрсету, азаматтардың дербес цифрлық деректерін қорғауды заңмен нақты белгілеу маңызды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы конституциялық реформаның жалпы сұлбасы мен алдағы негізгі ұстанымдарын да атап өтті.
"Жарты жыл бойы өткізілген пікірталастар мен талқылаулар кезінде басты ұстанымдар айқындалды. Халықтан түскен идеялар мұқият сараланды, ойға қонымды бастамалар ескерілді. Халық қолдаса, Қазақстанның мемлекеттік құрылысының жаңа кезеңі басталады", – деді Президент.
Тоқаев 1995 жылы бекітілген Конституциядан жаңа үлгіге көшу қажеттілігін атап өтті.
"2022 жылғы жүйелі өзгерістермен қатар, алдағы реформалар мүлде жаңа конституциялық үлгіге көшу деген сөз. Егер бұл бастамалар жалпыхалықтық референдумда қолдау тапса, Қазақстанның мемлекеттілігі, саяси жүйесі түбегейлі жаңғырып, мемлекет жаңа тұрақтылық деңгейіне көтерілмек. Осылайша біз бір ел, бір халық болып, қазіргі алмағайып заманның сынақтарына төтеп береміз".
Президент сонымен қатар Конституциядағы баптар санын да атады.
"Бастапқыда Парламенттік реформа аясында Ата заңның 40-қа жуық бабын өзгерту жоспарланған еді. Алайда жұмыс барысында түзетулер саны әлдеқайда көп екені белгілі болды. 2022 жылғы реформада 33 бап жаңарды. Ал ендігі өзгерістер одан да ауқымды. Біз шын мәнінде жаңа Конституция қабылдауға пара-пар қадам жасағалы отырмыз. Сондықтан мен Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдадым. Ертең арнайы жарлыққа қол қоямын. Комиссия құрамына 100-ден астам азамат кіреді: Ұлттық құрылтай мүшелері, заңгерлер, ақпарат құралдары басшылары, аймақтық мәслихат төрағалары, қоғамдық кеңес өкілдері және басқа да білікті мамандар. Бұл жұмысқа Конституциялық соттың төрағасы жетекшілік етеді. Комиссия барлық ұсынысты сараптап, нақты өзгерістердің жобасын әзірлейді. Содан соң жалпыхалықтық референдум өткізу уақытын белгілейміз", – деді Мемлекет басшысы.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
15:45, 20 қаңтар 2026
20 қаңтарда доллар бағамы тағы төмендеді
-
15:39, 20 қаңтар 2026
Алматыда ірі заңсыз нысан сот шешімімен бұзылып жатыр
-
15:26, 20 қаңтар 2026
Тоқаев жаңа Салық кодексін түзету қажеттігін айтты
-
15:18, 20 қаңтар 2026
Көмір энергетикасы саласында маңызды жобаларды іске қосу қажет – Тоқаев
-
15:04, 20 қаңтар 2026
Ұлттық Құрылтайда президент жемқорлыққа қарсы шаралар туралы айтты





