Тоқаев қазақстандық мұғалімдердің 95 пайызы жұмысына көңілі толатынын айтты

14:17, 26 тамыз 2026
MKZ: 1563510

© Фото: Министерство просвещения РК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында елімізде педагогтердің мәртебесін көтеру және оларды әлеуметтік-құқықтық тұрғыдан қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президенттің айтуынша, кейінгі жылдары мұғалімдердің қоғамдағы беделін нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды шешім қабылданды.

"Ұстаздың беделін нығайтып, оларды жан-жақты қолдау үшін белсенді жұмыс атқарылып жатыр. "Педагог мәртебесі туралы" арнайы заң қабылданды. Биыл бұл заңға толықтыру енгізіліп, ұстаздарға қосымша құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер берілді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы 5 қазан ұстаздардың кәсіби мерекесі ретінде ресми түрде бекітілгенін еске салды. Сондай-ақ мемлекеттік марапаттар тізіміне "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" атағы енгізілген.

Президенттің сөзінше, аталған атаққа ие болған педагогтерге қомақты сыйақы беріледі. Бүгінде 100-ге жуық мұғалім осы марапатқа ие болған.

"Басқа да лайықты ұстаздар мемлекет назарынан тыс қалмай, осы құрметті атаққа ие болары күмәнсіз. Соңғы үш жылда еліміздегі үш мұғалімге ең жоғары мемлекеттік награда – "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы берілді. Бұл ұстаздар қауымына деген айрықша құрметтің белгісі екені сөзсіз", – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев TALIS-2024 халықаралық зерттеуінің нәтижелеріне назар аударды.

"TALIS-2024 зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші жөнінен екінші орында тұр. Сондай-ақ ұстаздардың еңбекақыға қанағаттану өлшемі бойынша еліміз әлемдегі алғашқы бес мемлекеттің қатарына кіреді", – деді Мемлекет басшысы.

Зерттеу нәтижесі бойынша қазақстандық педагогтердің 95%-ы өз жұмысына көңілі толатынын, ал 80%-ы мұғалім мамандығын қайта таңдауға дайын екенін айтқан.

Сөз соңында Президент ұстаздар қауымына алғысын білдірді.


"Баршаңызға зор алғыс!" – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!