Тоқаев: Ғылым экономика мен қоғамның нақты сұранысына сай болуы керек

13:13, 10 сәуір 2026

© Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның ел дамуына тікелей пайда әкелуі қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президенттің айтуынша, ғалымдардың зерттеулері тек зертхана деңгейінде қалып қоймай, нақты өндіріс пен экономикаға енгізілуі тиіс.

"Ғылымның әлеуетін ел игілігіне жарата білу қажет. Ғалымдарымыз ашқан жаңалықтар зертханалар аясында қалып қоймауы керек. Нақты нәтиже беретін, өндіріске енгізуге болатын жобаларды жүзеге асыру қажет. Бір сөзбен, ғылым экономика мен қоғамның сұранысына сай болуға тиіс", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыт Үкіметтің тұрақты бақылауында болуы керектігін атап өтті.

Президент сондай-ақ әлемдік жетекші компаниялардың тәжірибесіне тоқталып, олардың ғылым мен білімге ерекше басымдық беретінін айтты. Оның сөзінше, ірі технологиялық корпорациялар ғылыми жаңалықтарды өндірісте жылдам қолдану арқылы жоғары нәтижеге қол жеткізіп отыр.


"Жаһандық деңгейдегі ірі технологиялық корпорациялар бірінші кезекте білім мен ғылымға басымдық береді, ғылыми жаңалықтарды өндіріске жедел енгізеді. Таланттарды тарту жағынан да бұл компаниялар көш бастап тұр. Адам капиталы – олардың негізгі күші", – деді Президент.

Мемлекет басшысы технология мен инновацияның қазіргі заманда дамудың басты әрі баламасыз шарты екенін де ерекше атап өтті.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!