Телефон немесе пауэрбанк өртенбеуі үшін не істеу керек

16:32, 22 қазан 2026
MKZ: 1573832

© Сурет: pexels

Телефонды қуаттау - күнделікті үйреншікті әрекет. Сондықтан көпшілік розеткаға қосылған сымға аса мән бермейді: гаджеттерді түнде қуаттауға қалдырып, кейде төсекке қойып қоямыз. Алайда мұның соңы өртке ұласуы мүмкін. Өзіңізді мұндай қауіптен қалай қорғауға болады? Zakon.kz тарқатады.

Қандай қауіптер бар, қуаттағыш сатып алғанда неге назар аудару керек және техника қызып кетсе не істеу қажет? Редакция осы сұрақтарға жауап алу үшін Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментіне және ҚР Сауда және интеграция министрлігіне жүгінді.

Қарапайым қуаттағыш неліктен өртке себеп болуы мүмкін?

Әлеуметтік желілерде қуаттағыштардың тұтануынан болған оқиғалар туралы видеолар ара-тұра жарияланып тұрады. Жақында қазақстандық әйелдердің бірі электр желісіне қосулы қалдырылған қуаттағышқа қатысты оқиғаны баяндаған видео жариялады. Ол қолданушыларды гаджеттерді розеткаға қосулы күйде қалдырмауға, әсіресе үйден шығарда немесе ұйықтар алдында абай болуға шақырды.

Мұндай жағдайлар күнделікті тұрмыста қолданылатын техниканың да назарды қажет ететінін еске салады. Өртке тек ақаулы қуаттағыш қана емес, телефонның зақымданған аккумуляторы, құрылғының қызып кетуі немесе сапасыз аксессуарлар да себеп болуы мүмкін.

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті электрониканың тұтану қаупін арттыратын бірнеше факторды атады:

  • түпнұсқа емес немесе құрылғыға сәйкес келмейтін қуаттағыштарды пайдалану;
  • аккумуляторды ұзақ уақыт бойы қараусыз қуаттау;
  • құрылғы құлағаннан кейін батареяның зақымдануы;
  • гаджеттерді жылу көздерінің жанында сақтау;
  • қуаттағыштарды өз бетінше жөндеу немесе конструкциясын өзгерту.

Әсіресе сырт көзге байқала бермейтін механикалық зақымдар қауіпті. Аккумуляторы немесе ішкі бөлшектері істен шыққан телефон жұмысын жалғастыра беруі мүмкін.

Дегенмен үшінші тарап өндірушілерінің барлық қуаттағышы қауіпті емес. Ең бастысы — құрылғы сапалы, гаджетпен үйлесімді және қауіпсіздік талаптарына сай болуы керек.

Телефонды түні бойы қуаттауға бола ма?

Көпшілік таңертең батареясы толық зарядталған телефонды пайдалану үшін ұйықтар алдында оны қуат көзіне қосып қояды. Алайда қуаттағышты қараусыз қалдырмаған дұрыс. Әсіресе ескі, зақымданған немесе күмәнді түрде қызып кететін құрылғыларға мұқият болу қажет.

Заманауи смартфондар, әдетте, қуаттау процесін өздігінен басқарады және батарея белгіленген деңгейге жеткенде белсенді қуаттауды тоқтатады. Бірақ бұл функция аккумулятордың, кабельдің, адаптердің немесе розетканың ақауына байланысты қауіптің алдын алуға толық кепілдік бермейді.

Сондықтан бірнеше қарапайым ережені сақтаған жөн:

  • пайдаланылмай тұрған қуаттағышты розеткадан ажырату;
  • ақау белгілері бар гаджеттерді қуаттауға қалдырмау;
  • телефонды зақымданған кабельге немесе адаптерге қоспау;
  • құрылғыны киіммен, көрпемен немесе басқа заттармен жаппау.

Қуаттайтын орынды да дұрыс таңдаған жөн. Телефонды, ноутбукты немесе пауэрбанкті жылу еркін тарайтын қатты әрі орнықты бетке қойған дұрыс. Төсек, диван және қалың кілем бұл мақсатқа жарамайды: жұмсақ материалдар салқындауға кедергі келтіріп, құрылғының қызып кетуіне ықпал етуі мүмкін.

Өрттің алдын алуға көмектесетін бес ереже

1. Сапалы қуаттағыштарды сатып алыңыз.

Қуаттағышты тек бағасына қарап таңдамаған жөн. Шығу тегі белгісіз тым арзан адаптерде қызып кетуден және электр ақауларынан қорғайтын қажетті жүйелер болмауы мүмкін.

Сатып аларда таңбалануына, өндіруші туралы ақпаратқа, қаптаманың бүтіндігіне және өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болуына назар аударыңыз. Аксессуарларды сенімді сатушылардан алған дұрыс.

2. Сымдар мен құрылғының корпусын тексеріңіз.

Жарықтар, сымның ашылып қалған бөліктері, корпустың деформациясы, қарайған немесе балқыған іздер — құрылғыны пайдалануды тоқтатуға себеп. Адаптерді өз бетіңізше жөндеуге немесе кабельдің құрылымын өзгертуге тырыспаңыз.

3. Құрылғының қызып кетуіне жол бермеңіз.

Телефонды, ноутбукты немесе сыртқы аккумуляторды күн сәулесінің астында, жылытқыштың жанында не қызып кеткен көліктің ішінде қалдырмаңыз. Қуаттау кезінде құрылғыны жаппаңыз және ноутбуктың желдеткіш саңылауларын бітемеңіз.

4. Аккумулятордың жағдайын бақылаңыз.

Смартфонның немесе пауэрбанктің корпусы ісініп кетсе, құрылғы қатты қызыса немесе басқа да күмәнді белгілер байқалса, оны пайдалануды тоқтатыңыз. Мұндай техниканы қайта қуаттауға тырыспаңыз.

5. Дәлізді қуаттау орнына айналдырмаңыз.

Сыйымдылығы жоғары аккумуляторлары бар электр велосипедтері мен электр самокаттарын баспалдақ алаңдарында, тамбурларда және шығу есіктерінің жанында қуаттауға болмайды. Өрт кезінде түтін мен жалын эвакуация жолын жауып қалуы мүмкін. Қуаттау үшін қауіпсіз орынды таңдап, өндірушінің нұсқаулығын орындау қажет.

Пауэрбанк: шағын құрылғы, үлкен жауапкершілік

Сыртқы аккумуляторларды жолға, жұмысқа немесе серуенге алып жүру ыңғайлы. Бірақ пауэрбанктің ішінде де зақымданғанда немесе қатты қызғанда тұтануы мүмкін аккумулятор бар.

Қауіпті азайту үшін портативті қуаттағышты өткір заттармен бірге қорғанышсыз алып жүрмеңіз, құлатып алмауға тырысыңыз және корпусы деформацияланған құрылғыны пайдаланбаңыз. Пауэрбанкті күн астында қалдырмаңыз және жылу көздерінің жанында қуаттамаңыз.

Өндіруші мұндай режимді қарастырмаған болса, сыртқы аккумуляторды бір мезгілде қуаттап, оны телефонды қуаттауға пайдаланбаған жөн. Қалай болғанда да, құрылғының температурасын бақылап, жұмыс істеп тұрған кезде үстін жаппау керек.

Алматы қаласының ТЖД өкілдері портативті аккумуляторларды пайдалану ведомствоның реттеу саласына жатпайтынын атап өтті. Дегенмен құтқарушылар литий-ионды батареяларды қолданғанда сақтық шараларын ұстануға кеңес береді.

Қуаттағыштың қауіпті екенін қалай білуге болады?

Құрылғының әдеттен тыс қызуы, күйік иісінің шығуы, ұшқын пайда болуы немесе сықырлаған дыбыстың естілуі назардан тыс қалмауы керек. Кейбір адаптерлердің жұмыс кезінде аздап жылынуы қалыпты жағдай болуы мүмкін. Алайда қатты немесе кенеттен қызып кетсе, қауіптенуге негіз бар.

Егер осындай белгілерді байқасаңыз:

  • құрылғыны пайдалануды дереу тоқтатыңыз;
  • қауіпсіз болса, зақымданған немесе балқыған бөліктерге қол тигізбей, электр қуатын ажыратыңыз;
  • қуаттағышты бөлшектемеңіз және ақауды өз бетіңізше жөндеуге тырыспаңыз;
  • сервис орталығына жүгініңіз немесе құрылғыны жаңасына ауыстырыңыз.

Аккумулятор ісініп кетсе, оны баспаңыз, теспеңіз және корпусын бастапқы қалпына келтіруге тырыспаңыз.

Қуаттағыш өртенсе не істеу керек?

Өрт шыққан жағдайда ең бастысы — телефонды немесе басқа гаджетті құтқару үшін өз өміріңізге қауіп төндірмеу.

Егер құрылғы тұтанса:

1. Жанып жатқан құрылғыдан дереу алыстап, айналаңыздағы адамдарға ескертіңіз.

2. Қауіпті аймақтан шығыңыз. Электр қуатын ажырату үшін отқа немесе зақымданған техникаға жақындау қажет болса, бұлай істемеңіз.

3. Өрт сөндірушілерді 101 немесе 112 нөмірі арқылы шақырыңыз.

4. Электр қуатында болуы мүмкін құрылғыны сумен сөндіруге тырыспаңыз.

5. Жанып жатқан аккумуляторға жақындамаңыз: ол қауіпті түтін бөліп, қайта тұтануы мүмкін.

Жанып жатқан пауэрбанкті немесе аккумуляторды өз бетіңізше сыртқа алып шығуға тырыспаңыз. Егер түтін пәтерге немесе баспалдақ алаңына таралса, дереу эвакуацияланып, құтқарушылардың нұсқауларын орындаңыз.

Сатып алар алдында қуаттағышты қалай тексеруге болады?

Қуаттағыштың қауіпсіздігі оны қалай пайдаланатыныңызға ғана емес, міндетті талаптарға сәйкестігіне де байланысты.

Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі Zakon.kz редакциясына берген мәліметінде қуаттағыш құрылғылардың Кеден одағының "Төмен вольтты жабдықтың қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентіне жататынын хабарлады.

Қуаттағыштардың белгілі бір санаттары үшін сәйкестікті міндетті түрде растау, соның ішінде сертификат рәсімдеу қарастырылған. Алайда нақты рәсім өнімнің қай санатқа жататынына байланысты. Сондықтан кез келген құрылғы үшін бірдей құжат жеткілікті деп айтуға болмайды.

Ведомство өкілдері қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттардың бар-жоғын тексеруге кеңес береді. Бұл туралы мәліметті techreg.gov.kz сайтындағы "Е-КТРМ" техникалық реттеу ақпараттық жүйесінен іздеуге болады.

Министрлік мәліметінше, 2025–2026 жылдары Техникалық реттеу және метрология комитетіне қуаттағыштардың қызып кетуі мен тұтануына қатысты шағымдар түспеген. Сонымен қатар мұндай өнімдерге арнайы тексерулер жүргізілмеген.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!