Ем-шара зияны: соңғы екі жылда пациенттерге 500 млн теңгеден астам сақтандыру төлемі төленді

15:00, 4 қазан 2026
MKZ: 1570412

© Сурет: Zakon.kz

Науқасқа ем-шара кезінде зиян келтірілсе, ол сақтандыру компаниясына жүгіне алады. Соңғы екі жылдың ішінде елімізде медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру шеңберінде пациенттерге 502,6 млн теңгеден астам сақтандыру төлемі берілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген "Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру туралы" заң 2024 жылғы қазан айында күшіне енді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 178 296 медицина қызметкері сақтандырылған. Оның ішінде:

  • 155 856-сы мемлекеттік медициналық ұйымдарда,
  • тағы 22 440-ы жекеменшік ұйымдарда еңбек етеді.

2026 жылдың басынан бері медициналық ұйымдар 1 867 сақтандыру шартын жасасты.

"Бұл тетік медициналық көмек көрсету кезінде пациенттің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян расталған жағдайда оған сақтандыру төлемін алуға, ал медицина қызметкерлеріне тиісті қауіптерден қаржылық қорғануға мүмкіндік береді. Егер пациент немесе оның заңды өкілі медициналық көмек көрсету барысында өмірі мен денсаулығына зиян келтірілді деп есептесе, медициналық ұйымға жүгінуге құқылы. Бұл жағдайды тәуелсіз сараптама комиссиясы (ТСК) қарайды", делінген хабарламада.

Оның құрамына бейінді мамандар, кәсіби медициналық қауымдастықтардың және Бірыңғай сақтандыру пулына қатысушы сақтандыру ұйымының өкілдері кіреді. Қаралып отырған жағдай орын алған медициналық ұйымның қызметкерлері комиссия құрамына енгізілмейді.

Сарапшылар медициналық құжаттаманы және медициналық көмек көрсету жағдайларын зерделейді. Сақтандыру жағдайы расталған кезде сақтандыру төлемін заңнамада белгіленген тәртіппен сақтандыру ұйымы пациентке немесе оның өкіліне төлейді. Бұл ретте пациент аталған соманы медицина қызметкерінен тікелей өндіріп алудың қажеті жоқ.

"Медицина қызметкерлері үшін де сақтандыру қаржылық қорғауды қамтамасыз етеді: сақтандыру медициналық ұйымның қаражаты есебінен жүзеге асырылады, ал сақтандыру жағдайы туындаған кезде белгіленген шектерде төлемді сақтандыру компаниясы жүргізеді. Осылайша, бұл тетік зиян келтірілгені расталған жағдайларды заңда белгіленген тәртіппен реттеуге мүмкіндік береді: пациент сақтандыру төлемін алады, ал медицина қызметкері оны өз қаражаты есебінен өтеу қажеттілігінен қорғалады". ҚР ДСМ баспасөз қызметі

Айта кетсек, қазақстандықтар несие және сақтандыру тарихын онлайн қадағалай алады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!