Судың 5–10%-ы «есептен тыс қалып отыр»: Нұржігітов заңсыз су тұтыну мәселесі туралы
© Сурет: freepik
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов 2026 жылғы 13 қаңтарда Үкіметте өткен брифингте Қазақстандағы заңсыз, яғни "қара" су нарығы мәселесі, оны бақылау шаралары және есепке алынбай отырған су тұтыну көлемі туралы айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Министр Қазақстанда заңсыз су пайдаланудың әлі де өзекті мәселе болып отырғанын айтты.
"2025 жылы Су кодексін қабылдаған кезде біз 53-бапта комитетке қосымша өкілеттіктер бердік. Атап айтқанда, арнайы есепке алу органдарында тіркелмей-ақ, су тұтынушыларды тексеру құқығы қарастырылды. Сонымен қатар, Су кодексі қабылданғаннан кейін біз бірқатар ережелерді әзірледік. Онда екі негізгі норма бекітілді: егер су тұтынушы келісімшарт жасамай су пайдаланса, оған екі есе тариф мөлшерінде айыппұл салынады. Ал егер ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі бір дақылға келісімшарт жасап, бірақ басқа дақылды ексе, онда 1,5 тариф мөлшерінде айыппұл көзделген", – деді Нұржігітов.
Оның айтуынша, 2025 жылдың өзінде заңбұзушылықтар анықталған: келісімшартсыз су пайдаланудың 57 дерегі тіркелген, сондай-ақ 169 жағдайда шаруа қожалықтары келісілген дақыл түрін өз бетінше өзгерткен.
"Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында қазір біз Бас прокуратурамен бірлесіп жол картасын әзірлеп жатырмыз. Бұл жұмысқа құқық қорғау органдары тартылып, ведомствоаралық жұмыс тобы құрылады. Олар жергілікті жерлерде бассейндік инспекция мамандарымен бірге "қара" су нарығын анықтаумен айналысады. 2025 жылмен салыстырғанда анықталған заңбұзушылықтар саны да, салынған айыппұлдар көлемі де бірнеше есе артты. Демек, қара су нарығының бар екені нақты расталып отыр", – деді министр.
Журналистердің есепке алынбай отырған су тұтыну көлемі туралы сұрағына жауап берген Нұржігітовтің айтуынша, алдын ала бағалау бойынша, алынатын судың шамамен 5–10%-ы ресми есепке кірмей отыр.
"Қазақстан бойынша жалпы су тұтыну көлемі шамамен 25 млрд текше метрді құрайды. Оның 60%-ы, яғни шамамен 15 млрд текше метрі ауыл шаруашылығына тиесілі. Біз негізгі назарды дәл осы салаға аударып отырмыз, себебі ауыл шаруашылығы – ең ірі су тұтынушы. Осы бағытта заңсыз су нарығымен күрес жүргізілуде. Орта есеппен алғанда, 15 млрд текше метр судың 5–10%-ы есепке алынбайды", – деп толықтырды министр.
Бұған дейін Қазақстандағы су жабдықтауына жұмсалған қаражат қайда кеткенін жазғанбыз.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
17:30, 13 қаңтар 2026
Асылхан Асан фристайл-акробатикадан АҚШ-та өткен Әлем кубогы кезеңінде үздік ондыққа енді
-
17:30, 13 қаңтар 2026
КТК маңында қазақстандық мұнай таситын танкерге дрондар шабуыл жасады
-
17:23, 13 қаңтар 2026
Жетісу облысында дүкеннен бірнеше шоколад ұрлаған күдікті қолға түсті
-
17:07, 13 қаңтар 2026
Қазақстан құрамасы грек-рим күресінен Түркиядағы турнирде екі алтын медаль жеңіп алды
-
16:55, 13 қаңтар 2026
Алматыда есірткіні жасырын қойып кетуші қолға түсті





