СҚО шаруалары жер құнарлылығын табиғи жолмен арттырды

09:56, 21 қыркүйек 2017

Теріскей шаруалары егістік алқаптарының құнарлығын арттырудың тың жолын тапты. Кәдімгі малдың тезегіне жауын құртын жіберіп, тыңайтқыш алады. Ғылыми тілде биогумус деп аталатын бұл өнім шығымды екі есе арттыруға мүмкіндік береді екен.

Сергей Стрелец осыдан бірнеше жыл бұрын мына құрттарды Ресейден 15 млн теңгеге сатып алған екен. «Владимир старателі» деп аталатын бұл жауын құрты малдың жиналған қиымен қоректеніп, оны табиғи тыңайтқышқа айналдырады. Шаруа бұл жәндіктерге ерекше күтім жасайды. 

Сергей Стрелец, агроном:

-Қыстың күні бұларға аптасына бір мәрте су құйып тұру қажет. Ал ғимараттағы температура шамамен 15-20 градус болғаны жөн. Бүгінгі күні бұл жәндіктерге сұраныс артты. Қазір Семейдің шаруалары жақсы сатып алып жатыр.Өйткені бұл құрттар радиацияланған топырақты да көңге айналдыра алады.

Жәндіктер 40 күнде жетіліп, жылдам көбейеді. Бүгінде олардың саны 138 миллионнан асқан. Оны Қазақстаннан бөлек шетелдік кәсіпкерлер де сатып алып жатыр. Тыңайтқышы өнімділікті екі есеге арттырады.

Ақбөпе Қәбдуәлиева, Ақтөбе облысының тұрғыны:

-Ақтөбе облысы жерлерінің құнарлылығы әртүрлі. Әр ауданда әртүрлі. Мүмкін осы тәсілді пайдаланып, әрі қарай көкөніс өсірумен айналысармын, әрі мына құрттар қиды өңдеп ғана шығармайды, бұл құрттың өзін құс шаруашылығына, балық шаруашылығына пайдалануға болады деп жатыр.

Биогумус қолданған алқаптардан алынатын өнім экологиялық таза әрі ұзақ сақталады. Шаруашылық биылғы құрғақшылыққа қарамастан мол өнім жинады. Ол құнарландырылған топырақтың арқасы екен.

Самат Қайырденұлы, тілші:

-Биыл көкөніс өсіретін Солтүстік Қазақстан тұрғындары үшін ауа райы қолайсыз болды. Қуаңшылық. Жаз айларында жаңбыр аз болды. Ал аталған шаруашылықта биогумусты қолданған. Нәтижесінде гектарынан қазір 35 тоннадан картоп жинап жатыр. Бұл жақсы көрсеткіш.

Сергей Стрелец, агроном:

-Бұл жерде ерте кезде май зауыты болған. Өздеріңіз көріп тұрғандай құрылыс қалдықтары өте көп. Негізінен мұнда көкөніс өспеуі керек. Алайда биогумустың әсерінен жақсы өнім алып жатырмыз.

Экологиялық таза өнім қашан да сұранысқа ие. Сондықтан кәсіпкер болашақта сұйық биогумус өндіретін зауыт ашуды да жоспарлап отыр. 

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев, Дмитрий Рура

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!