«СК-Фармацияны» тексерген Антикор бірқатар бұзушылықтарды анықтады

18:56, 14 қараша 2024

© Сурет: Zakon.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, I-тоқсанда "СК-Фармация" ЖШС қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Биғайдаров 2024 жылғы 14 қарашадағы брифинг барысында атап өткендей, "СК-Фармацияда" халықты дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен уақтылы және сапалы қамтамасыз ету міндеттерін іске асыруға кедергі келтіретін елеулі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бары анықталды.

"Біріншіден, шекті бағаны қалыптастыру кезінде өндіруші немесе жеткізуші айтқан дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар құны ескеріледі. Содан кейін бұл сомаға үстеме ақы қосылады. Жеткізу шығындары - 15%, маркетинг – 30%, көтерме және бөлшек сауда – 10-нан 55% - ға дейін", - деді Данияр Биғайдаров.

Ол мұндай есептеулер бойынша тасымалдау мен сақтаудың бірдей шарттарына қарамастан, қымбат дәрі-дәрмектер бағасы арзанына қарағанда әледеқайда жоғары болып шығатынын айтады.

"Осындай баға механизмінің арқасында соңғы тұтынушы медициналық препараттарды өзіндік құнынан кемінде екі есе қымбатқа сатып алады (тіркелген 1267 препараттың шекті бағасы 100% немесе одан да көп болып шыққан)", – деді ол.

Сонымен қатар, "СК-Фармация" тендерлеріне бірдей компанияның қайта-қайта қатысуы сипатындағы жеті факті анықталды, бұл картельдік келісім белгілерін байқатады. Бұл компаниялар бір-біріне жалғыз бәсекелес ретінде алдарынан шығып отырған, ал тендер жеңісін өзара алмасқан. Компаниялардың әрқайсысы аукционда ең төмен бағада жеңіске жеткен – 1%.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!