«Сізден басқаның бәрі кінәлі»: Бектенов Сұлтанғазиевке ескерту жасады

15:32, 28 шілде 2026
MKZ: 1558432

© Фото: primeminister.kz

2026 жылғы 28 шілдеде өткен Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаның іске асырылуы туралы есебін тыңдап, оның жұмысына сын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Үкімет басшысы кейбір өңірлерде қаржыландыру рәсімдерінің созылып кеткенін атап өтті.

"Ұлттық жоба республикалық бюджеттен қаржы бөлінбей жүзеге асырылып жатқанын еске саламын. Сондықтан осы жоба аясында қарастырылған ұзақ мерзімді әрі төмен пайызды қаржы көздерін белсенді пайдалану қажет. Жалпы алғанда, жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша оң нәтиже байқалады. Әсіресе Атырау, Жетісу, Қарағанды және Павлодар облыстарының жұмысын атап өтуге болады. Алайда кейбір өңірлерде инвестициялық жобаларды іске асыру қарқыны әлі де төмен", – деді Олжас Бектенов.

Өз кезегінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Ұлттық жоба аясында өңірде жалпы құны 62,9 млрд теңгені құрайтын 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланғанын айтты.

"Соның ішінде 4 жоба жергілікті атқарушы органдардың есебінен қаржыландырылады. Олардың жалпы құны – 4 млрд теңге. Қалған жобалар "АЖК" акционерлік қоғамының құзыретіне жатады. Электрмен жабдықтау саласында жалпы құны 58,9 млрд теңгені құрайтын 6 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде биылғы жылға 44 млрд теңге қарастырылған. "АЖК" АҚ мәліметіне сәйкес, 17 шілдеде конкурс рәсімдері басталды, олардың қорытындысы 25 қыркүйекке дейін шығарылады. Ал жергілікті атқарушы орган тарапынан 4 жоба жүзеге асырылады. Жылумен жабдықтау саласында жалпы құны 2 млрд теңгені құрайтын 2 жоба қарастырылған. Мердігер ұйымдармен келісімшарттар жасалды. Яғни жоспардың 50%-ы орындалды", – деді әкім.

Оның айтуынша, жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары қараша айының соңына дейін аяқталады.

Сондай-ақ әкім сумен жабдықтау және су бұру саласында жалпы құны 2 млрд теңге болатын 2 жобаның жүзеге асырылатынын айтты.

"Бұл жобалар бойынша конкурс рәсімдері 5 маусымда басталған болатын. Алайда прокуратура органдарының ұсынысы негізінде 14 маусымда конкурс қорытындыларының күші жойылды. Осыған байланысты жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, Қаржы министрлігінің тізімінде аталған екі жоба басымдығы төмен жобалар қатарына енгізіліп, оларды қаржыландыруды тоқтату көзделген. Соған қарамастан конкурс қайта жарияланды. Оның қорытындысы 25 тамызға дейін шығарылады", – деді Марат Сұлтанғазиев.

Әкім барлық жұмыстар биылғы жылдың соңына дейін толық аяқталатынын жеткізді.

"Құрметті Олжас Абайұлы, жоғарыда айтылғандарға байланысты аталған нысандарды қаржыландыруы тоқтатылатын басымдығы төмен жобалар тізімінен шығару жөнінде хаттамалық тапсырма беруіңізді сұраймын. Сонымен қатар, 2027 жылы жалпы құны 23 млрд теңге болатын 14 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Қазір МЭКС платформасында операторлармен келісу рәсімдері жүргізілуде. Жақын арада барлық келісімшарттарға қол қойылады. Жұмыстар жоспарға сәйкес орындалып жатыр. Ұлттық жобаның жүзеге асырылуы облыс әкімдігінің ерекше бақылауында", – деп толықтырды Марат Сұлтанғазиев.

Әкімнің жауабынан кейін премьер-министр оның айтқан уәждеріне көңілі толмай, қысқа ғана ескерту жасады.

"Сізді тыңдасақ, өзіңізден басқаның бәрі кінәлі сияқты. Жұмысты жеделдетіңіз", – деп түйіндеді Олжас Бектенов.

Бұған дейін Қазақстан 2027 жылдың өзінде электр энергиясының профицитіне шығатындығын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!