Шымкентте әйелді өлтіріп, денесін қоқыс жәшігінің жанына тастап кеткен оқушы сотталды

19:37, 4 желтоқсан 2025

© Сурет: otyrar.kz

Шымкентте сот шілде айында үйін тазалауға барған әйелді өлтіріп, денесін қоқыс жәшігінің жанына тастап кеткен оқушыны 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бүгін, 4 желтоқсанда Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үйін тазалауға барған әйелді өлтіріп, денесін қоқыс жәшігінің жанына тастап кеткен 17 жастағы 11-сынып оқушысын "Адам өлтіру" және "Ұрлық" баптары бойынша кінәлі деп тапты. Ал дәлелдің болмауына байланысты "Өлген адамдардың мәйіттерін және олар жерленген жерлерді қорлау" бабы бойынша ақтады. Бұл туралы Otyrar.kz хабарлады.

Сотталушы жазасын кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қауіпсіздігі орташа түрмеде өтейтін болды. Оның бұған дейінгі 1 күні жаза мерзімінің бір жарым күніне есептеледі. Жәбірленушілердің моральдық залалды өтеу туралы талап-арыздары ішінара қанағаттандырылды. Сөйтіп, сотталған оқушының заңды өкілінен 2 ай ішінде екі жәбірленуші мен марқұмның кәмелетке толмаған екі қызына моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге төлеу міндеттелді.

Жәбірленуші тарап сот үкімімен келіспеді. Ал сотталушының әкесі әрі заңды өкілі сот үкімімен келісетінін жеткізді.

"7 жыл жаза — осындай ауыр қылмысқа өте жеңіл жаза. Оны өлтіріп, бір жерінен ғана пышақтамаған. Мақсаты — жыныстық қатынасқа түсу. Оны дәлелсіз қалдырып отыр. Мәйітті қорлауды алып тастап отыр. Пакетке салып, қоқысқа тастағанның өзі — мәйітті қорлауға жатады. Біздің әпкемізді кім қайтарып береді? Өлген қыздың шешесіне, екі қызына кім қайтарып береді?" Апелляциялық шағым түсіреміз". Марқұм әйелдің сіңлісі Айдана Оңғарбаева

Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Жантүршігерлік оқиға 21 шілде күні болған. 26 жастағы Диана Оңғарбаеваның денесі 31 шілде күні қоқыс жәшігінің жанынан табылды. Оған дейін марқұмның туыстары дабыл қағып, іздеу салған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!