Серік Шәпкенов аймақтың әйелдер қауымын көктем мерекесімен құттықтады

19:33, 6 наурыз 2026

© Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов аймақтың әйелдер қауымымен жүздесті. Өңір басшысы қыз-келіншектерге мерекелік лебізін білдіріп, облыстың дамуына қосқан үлесіне алғыс айтты.

Кездесуге өңірдің түрлі салаларында еңбек ететін әйелдер қатысты. Атап айтқанда, мемлекеттік қызмет, қоғамдық ұйымдар, құқық қорғау органдары мен департаменттердің өкілдері, білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, журналистер, мәдениет қайраткерлері, өндіріс саласының мамандары, сондай-ақ кәсіпкер қыз-келіншектер.

Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

"Бүгінде әйелдер мемлекет пен қоғамның барлық саласында табысты еңбек етіп, еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Жас ұрпақ тәрбиесінің тізгінін ұстап, кәсіби қызметте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, қоғамдық өмірде белсенділік танытып жүрген қыз-келіншектерге шынайы ризашылығымды білдіремін", – деді Серік Шәпкенов.

Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Кездесуде балалардың білім алуы, гендерлік саясатты дамыту және ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелері де қозғалды.

Жиында Атырау облысы Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Бақыт Ысқақова сөз сөйлеп, өңір басшылығының кәсіпкерлерге қолдауына алғыс айтты.

"Бүгінгі іс-шараға шақырғандарыңызға рақмет. Осы жыл мен үшін ерекше жемісті болды, 3000 шаршы метр аумақты қамтитын жылыжай аштым. Онда өсірілген қызғалдақтарды өзімнің гүл сататын дүкенімде саудаға шығарамын. Жергілікті кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдауға ризамыз", — деді ол.

Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

"Атырау бизнес және құқық колледжі" жеке білім беру мекемесінің директоры Нұрлы Айтиева өз сөзінде қоғамдағы әйелдердің ерекше рөліне тоқталды.

"Өмірдегі жарқын күндер мен бақытты сәттердің көбінің бастауында әйел тұрады. Бойына махаббат пен ізгілікті, сұлулық пен жылылықты тоғыстырған жандардың мерекесі табиғаттың түлейтін шағымен тұспа-тұс келуі де бекер емес", — деді ол.

Іс-шара ашық микрофон форматында өтті. Қатысушылар жетістіктерін айтып, тілек білдіріп, өлең оқып, әндер шырқады.

Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Мерекелік кеш жергілікті өнерпаздардың концертімен қорытындыланды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!