Сарапшы: Маңғыстауды логистикалық хабқа айналдыру – экономикалық өсімнің жаңа бағыты

© Сурет Расул Рысмамбетовтің жеке архивінен
Мемлекет басшысының Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапары аясында өңірдің инфрақұрылымдық жобаларына баса мән берілді. Президент бірқатар стратегиялық нысанды аралап, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңес өткізді.
Әсіресе Ақтау теңіз сауда портының әлеуеті мен ауқымды жол құрылыстары өңірді елдің логистикалық жүрегіне айналдыруға жол ашпақ.
"Мен бүгін Ақтауға жұмыс сапарымен арнайы келіп отырмын. Еліміз үшін Маңғыстаудың орны бөлек. Бұл – стратегиялық маңызы бар аймақ. Маңғыстауды батыс қақпасы деуге болады. Мен облыстың тыныс-тіршілігін ерекше назарда ұстаймын", - деді Президент.
Осыған орай қаржыгер, NAC Analytica орталығының төрағасы Расул Рысмамбетов өңірдің даму бағыттарына қатысты өз пікірін білдірді.
Оның айтуынша, Ақтау портының өткізу қабілетін арттыру – Қазақстан экономикасының, әсіресе батыс өңірінің дамуына түрткі болады.
"Бірінші кезекте логистика күшейеді. Бұл өз кезегінде сауда-саттық және жұмыспен қамту салаларына оң ықпалын береді. Каспий арқылы жүк тасымалдау жылдамдығы мен тиімділігінің артуы - экспорттаушылар мен импорттаушылар үшін логистикалық шығындарды азайтып, транзиттік әлеуетті ұлғайтады. Бұл әсіресе Ресей бағыты шектеліп тұрған кезде айрықша өзекті", - дейді сарапшы.
Сонымен қатар, Расул Рысмамбетов контейнерлік жүйе енгізілсе, Қазақстанның шикізаттық емес экспорты ұлғаятынын алға тартады.
"Металл бұйымдары, дайын өнімдер мен азық-түлікті теңіз арқылы тасымалдау анағұрлым тиімді және арзан. Бұл Оңтүстік Кавказ елдерімен сауданы жандандырып, жүздеген тікелей және мыңдаған жанама жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді", - деді ол.
Қаржыгердің пайымынша, жалпы құны 1,9 трлн теңге болатын жоба Маңғыстау өңірінің келбетін толық өзгертуі тиіс. Бұрынғыдай тек ресурстық аймақ болып қалмай, болашақта ол - логистикалық-индустриялық хабқа айналады.
"Бұл өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырады. Шетелдік инвесторлар ірі жобаларға қатыса алады, қазақстандық кәсіпкерлер де бірлескен өндіріс орындарын, агроөңдеу және мұнай-сервис жобаларын дамыта алады. Бұл мүмкіндік көрші елдерге де, мысалы, Өзбекстан мен Қытайға да қолайлы. Транскаспий бағыты арқылы экспорт көлемі 10 млн тоннаға дейін артса, Қазақстан үшін жаңа нарықтарға жол ашылады. Бұл сыртқы сауданы жақсартып, транзиттен түсетін валюта кірісін арттырады", - деді ол.
Дегенмен, сарапшы бірқатар қауіп-қатерге де назар аударуды ұсынады. Кеме мен контейнер тапшылығы, сондай-ақ Әзербайжан, Грузия, Түркиямен тарифтік және логистикалық үйлестірудің жеткіліксіздігі – басты мәселелердің қатарында тұр.
"Саяси тәуекелдер де жоқ емес. Сондықтан Каспий флоты, цифрландыру, логистика және серіктес елдермен жүйелерді біріздендіру бағытында қосымша инвестициялар қажет болады", - деп түйіндеді Расул Рысмамбетов.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
23:10, 13 мамыр 2025
Ақтөбеде қызғалдақпен суретке түскен әкімнің соты басталды
-
22:44, 13 мамыр 2025
Маңғыстау облысында жол апатынан бес жасөспірім зардап шекті
-
22:07, 13 мамыр 2025
Астанада 9 автобус бағытының қозғалыс сызбасы уақытша өзгертілді
-
21:41, 13 мамыр 2025
43 градус: Қазақстанның қай өңірлерінде ертең аптап ыстық болады
-
21:29, 13 мамыр 2025
Алматы облысында тұрғынды қомақты қаржыға алдап соққан күдікті ұсталды