Рейхстагқа жеткен рух: Ағыбай мен Бұғұбай Игіліковтердің ерлігі

10:30, 9 мамыр 2026

© Сурет: ҚР ІІМ Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

9 мамыр — Жеңіс күні қарсаңында ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 5573 әскери бөлімінде сарбаздар майдангер аталары туралы естеліктерімен бөлісті. Солардың бірі — Павлодар өңірінен әскерге шақырылған қатардағы Райымбек Игіліков, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы 2026 жылы 9 мамырда ҚР ІІМ Үлттық ұланның баспасөз қызметі хабарлады:

"Жас сарбаз қаруластарына аталары Ағыбай мен Бұғұбай Игіліковтердің ерлік жолын ерекше мақтанышпен әңгімелеп берген. Оның айтуынша, атасы Ағыбай Игіліков 18 жасында әскер қатарына шақырылып, Фин соғысына қатысқан. 1941 жылы қайта майданға аттанып, Сталинград шайқасынан бастап Польша шекарасындағы ұрыстарға дейін қатысып, Рейхстагқа дейін жеткен. Сапер әрі мерген болған жауынгердің ерлігі "Қызыл Жұлдыз" орденімен, "Ерлігі үшін" медалімен бағаланған".

Ал екінші атасы Бұғұбай Игіліков 1941 жылы соғысқа өз еркімен аттанып, Ленинград бағытындағы қанды шайқастарға қатысады. 1942 жылдың 2 мамырында ауыр жарақат алғанына қарамастан, бірнеше айдан кейін қайта сапқа тұрған. Ленинград блокадасының сұмдығын көзімен көрген майдангер кейін елге оралып, әуе қорғанысы бойынша нұсқаушы атанып, жастарды әскери дайындыққа баулыған.

Райымбектің айтуынша, бала күнінен үйінде Жеңіс күні ерекше аталып өтетін. Отбасында майданнан қалған орден-медальдар мен сарғайған құжаттар сақтаулы. Сондықтан аталарының ерлігі оған әрдайым рух береді.

"Аталарымыз қазіргі біздің жасымызда қолына қару алып, ел қорғады. Біз сол кісілердің ерлігі мен аманатына лайық болуға тырысамыз", — дейді жас жауынгер.

Айта кетсек, бүгін таңертең Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Жеңіс күнімен құттықтады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!