QazVac авторы мен медицина саласының сарапшылары Ақтөбеде болашақ дәрігерлермен ұлттық құндылықтарды талқылады
© Сурет: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақтөбедегі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде оқитын 500-ден аса студент "Жастар және жалпыұлттық құндылықтар" тақырыбында өткен TEDx форматындағы мазмұнды кездесуге жиналды.
Шараға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қатысты. Сондай-ақ, QazVac вакцинасының авторы, биология ғылымдарының авторы Күнсұлу Закарья, жоғары санатты нейрохирург-дәрігер, Халықаралық "Алтын скальпель" сыйлығының иегері, "Қазақстанның интервенциялық кардиологтар және рентгенхирургтар қоғамының" вице-президенті Мыңжылқы Бердіқожаев, спорт медицинасы және реабилитология саласының білгірі, халықаралық деңгейде танылған ғалым, профессор, PhD дәрежесінің иегері Елтай Рахманов сияқты тұлғалар арнайы қонақ ретінде шақырылған.
Кездесудің негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен жалпыұлттық құндылықтарды жастарға кеңінен түсіндіру, "Әділетті Қазақстан" идеясын дәріптеу және болашақ медицина мамандарының азаматтық жауапкершілігін арттыру.

Сурет: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Мен қарапайым отбасыда тәрбиелендім. Әкем мен анам медицина саласында қызмет етті. "Дәрігер бол, осы университетке оқуға түс" деп, ақыл-кеңесін айтып отырды. Бірақ, мен басқа саланы таңдадым. Ата-анам берген тәрбие мені өмірде табандылыққа, жауапкершілікке және өз күшіме сенуге үйретті. Сіздерге айтпағым, әр минутты тиімді пайдаланыңыздар. Жаманнан жиреніп, жақсыны үйреніңіздер. Әрбір ісіңіз, әр қадамыңыз – арманыңызға жетудің нақты жолы. Сондықтан өзіңізге сеніңіз, талпыныңыз, күш-қуатыңызды толық пайдаланыңыз және ешқашан қиындыққа берілмеңіз. Өмірде кездесетін сынақтар мен кедергілер – сізді мықты әрі табанды ету үшін беріледі. Әр азаматтың жетістігі – еліміздің жарқын болашағының негізі екенін ұмытпаңыз", – деп өңір басшысы болашақ ақхалаттыларға жол сілтеді.
Пандемия кезеңіндегі отандық ғылым жетістігі де назардан тыс қалмады. QazVac вакцинасын жасаған ғалым, биология ғылымдарының докторы Күнсұлу Закарья "Жасампаздық пен жаңашылдық" тақырыбында сөз сөйлеп, ғылымға адалдық пен табандылықтың нәтижесі туралы тәжірибесімен бөлісті.

Сурет: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының алдында бір жарым сағат отырып, отандық вакцинаның тигізер пайдасын, ғылымды дамыту жолындағы ойларымды айтып, үлкен қолдауға болдық. Жарты жыл ішінде QazVac вакцинасы өндіру үшін қаржы мен рұқсатымызды алдық. Дүниежүзіндегі бес мемлекет дайындағы вакцина қатарына біздің, отандық вакцина қосылды. Бұл – отандық ғылымның әлеуеті жоғары екенін дәлелдеген, қазақстандық ғалымдардың табандылығы мен елге деген жанашырлығының нақты көрінісі", – деді ғалым.
Сондай-ақ, 7500-ден астам күрделі ота жасаған жоғары санатты нейрохирург, халықаралық "Алтын скальпель" сыйлығының иегері Мынжылқы Сайлауұлы "Еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік" құндылығы жөнінде баяндама жасады.

Сурет: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Әділдік пен жауапкершілік" тақырыбын халықаралық деңгейде танылған ғалым, спорт медицинасы және реабилитология саласының маманы Елтай Өтемұратұлы ашып, медицинадағы әділ шешім мен кәсіби этиканың маңызын атап өтті.
Ал "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында Ақтөбе қаласы прокуратурасының бөлім бастығы Мәди Жұмабаев сөз сөйлеп, қоғамдағы қауіпсіздік пен заң үстемдігінің рөліне тоқталды.

Сурет: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Кездесу барысында медицина ғылымдарының кандидаты Вадим Медовщиков "Бірлік пен ынтымақ" тақырыбында көптілділік, сабақтастық және медициналық білім берудегі заманауи тәсілдер туралы ой қозғады.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
13:23, 19 желтоқсан 2025
Мысыр жағалауынан перғауындардың «жүзбелі сарайы» табылды
-
13:18, 19 желтоқсан 2025
Украинаның Жоғарғы Радасы монета атауын өзгертуге келісті
-
13:09, 19 желтоқсан 2025
Альпі тауының етегінде салынатын зәулім ғимарат жобасы таныстырылды
-
12:57, 19 желтоқсан 2025
Пандемия басталуы мүмкін: вирусологтар жаңа кезеңге дайындалуда
-
12:44, 19 желтоқсан 2025
Астанада бір күнде екі тұрғын суицид жасады





