Путинмен бірге өткен үш сағат: Трамптың өкілдері Мәскеуде неғып жүр
© Сурет: видеодан алынды
АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Мәскеуде Владимир Путинмен кездесіп, олар жүргізген келіссөз үш сағаттан аса уақытқа созылды. Енді америкалық саясаткерлер шиеленісті реттеу мүмкіндігі талқысын жалғастыру үшін Киевке аттанады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Путин мен АҚШ өкілдерінің кездесуі 5 қыркүйекте Кремльде өтіп, 3 сағат 10 минутқа созылды. Ресей тарапынан келіссөзге президенттің көмекшісі Юрий Ушаков пен тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев қатысты.
Кездесу басында Путин жағдайдың әлі де күрделі екенін атап өтті, алайда АҚШ президенті Дональд Трамптың арағайындық күш-жігері мен америкалық келіссөзшілердің жұмысына оң баға берді.
"Мұндай сипаттағы байланыстар, сөзсіз, әрқашан пайдалы. Бұл ретте, әрине, арағайындық деңгейі, онымен айналысатындарға деген сенім өте маңызды", – деді Путин.
Юрий Ушаковтың айтуынша, келіссөздер "мазмұнды, сындарлы, мейілінше ашық және сенімді" өтті. Талқы түскі ас кезінде бейресми жағдайда да жалғасты.
Басты тақырып Украина төңірегіндегі қақтығысты реттеу болды. Ресей тарапы америкалық өкілдерге жағдайға қатысты өз бағасын жеткізіп, қақтығыстың түпкі себептерін жою қажеттігін мәлімдеді. Сондай-ақ Путин Вашингтонмен бірлесіп саяси-дипломатиялық шешім жолдарын іздестіруді жалғастыруға дайын екенін растады.
Ушаковтың айтуынша, Уиткофф пен Кушнер шиеленісті реттеудің ықтимал жолдары туралы "бірқатар ой-пайымдарды" ұсынып, соғыс қимылдарын мүмкіндігінше тезірек тоқтатуға мүдделі екендіктерін білдірген.
Кремль мәліметінше, америкалық келіссөзшілер Мәскеуде алған бағалаулар мен ұсыныстарды 6 қыркүйекте Киевте өтетін кездесулерде жариялауды көздеп отыр.
CNN мәліметінше, бұл - Уиткофф пен Кушнердің қақтығыс басталғалы бері Украина астанасына жасайтын алғашқы сапары болмақ. Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін оларды күтіп отырғанын және "мазмұнды әңгімеге" дайын екенін мәлімдеген болатын.
Қақтығысты реттеуден бөлек, тараптар экономикалық ынтымақтастық пен ықтимал ірі ресейлік-америкалық жобаларды талқылады. Келіссөз қорытындысы бойынша Ушаков Уиткофф пен Кушнер арқылы байланыстар, сондай-ақ Ресей мен АҚШ президенттерінің жеке байланыстары өз күшінде екенін мәлімдеді.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
13:45, 6 қыркүйек 2026
Алматы әуежайының Майлин көшесі жағындағы негізгі кіреберісі ашылды
-
13:32, 6 қыркүйек 2026
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Қазақстан құрамасының алтын медаль саны 32-ге жетті
-
12:13, 6 қыркүйек 2026
Алматыда жол апатына ұшыраған Damas бір бүйіріне қарай аударылып қалды
-
12:05, 6 қыркүйек 2026
Астана мен Алматыдағы ақша айырбас орындарындағы валюта бағамы - 6 қыркүйек
-
11:55, 6 қыркүйек 2026
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: «Гүлдер» ансамблі «Этно-би» байқауында Гран-при иеленді





