Каспий теңізінің тартылуынан Ресей аумағы ұлғайды

15:42, 24 қазан 2026
MKZ: 1574192

© Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі

Каспий теңізінің тартылуына байланысты Дағыстанға әкімшілік тұрғыдан қарайтын бірнеше арал құрлықпен қосылды. Соның нәтижесінде республиканың аумағы 2–3 мың шаршы шақырымға ұлғайды, деп хабарлайды Zakon.kz.

"РИА Новости" басылымына берген сұхбатында геолог, география ғылымдарының кандидаты Идрис Идрисов Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі құрлық аумағын да ұлғайтып жатқанын атап өтті.

"Яичный, Чечень, Пичужонок, Базар және Прыгунки сияқты аралдар құрлықпен қосылып кетті. Енді оларға көлікпен баруға болады. Дағыстанның аумағы бұрынғы 50,3 мың шаршы шақырымның орнына шамамен 52–53 мың шаршы шақырымға жетті", – деді Идрис Идрисов.

Оның айтуынша, өңірдің табиғи жағдайын нақты бағалау үшін жағалау аймағы мен тұтастай Каспий теңізінің жаңа ресми топографиялық карталарын жасау қажет.

Сондай-ақ Идрисов Каспий теңізінің деңгейі тағы бір метрге жетпейтін мөлшерге төмендесе, ауданы шамамен 63 гектар болатын Нордовый аралы да құрлықпен толық қосылады деп болжайды. Арал Кизляр шығанағында орналасқан. Мұнда теңіз құстарының жаппай ұя салатын колониялары бар.

"Теңіз деңгейі әрі қарай да төмендейді. Алайда 2020 жылдан кейін байқалғандай, мұндай жылдам қарқын ұзақ уақыт сақталмайды", – деді геолог.

Каспий теңізінің су деңгейі 1995 жылдан бері жыл сайын шамамен 10 сантиметрге үздіксіз төмендеп келеді. 2026 жылға қарай су деңгейі минус 29,4 метрден де төмендеген. Бұл көрсеткіш 1977 жылғы тарихи антирекордтан асып түсті.

Кейінгі 30 жылда теңіз аумағы шамамен 7,4%-ға, яғни 28 мың шаршы шақырымнан астам жерге қысқарды. Ал Қазақстанға тиесілі акваторияда су деңгейінің төмендеуіне байланысты жаңа аралдар пайда бола бастады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!