Президент: Жасанды интеллект басқару жүйесін жаңартады

16:22, 24 сәуір 2026

© Фото: pixabay

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект бағытындағы Alem.ai battle және AI Governance Cup байқауларының маңызын атап өтіп, мұндай додалар ұшқыр ой мен терең білімді шыңдайтынын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президенттің айтуынша, мазмұнды әрі тартысты жарыстар жаңашылдық, ізденімпаздық және жасампаздық құндылықтарын кеңінен дәріптеп, қоғамда жаңа технологиялық мәдениетті қалыптастырады.

"Мазмұнды әрі тартысты жарыстар арқылы жаңашылдық, ізденімпаздық, жасампаздық құндылықтары кеңінен дәріптеледі. Қоғамда жаңа технологиялық мәдениет қалыптасады, – деді Мемлекет басшысы.

Alem.ai battle сайысына мектеп оқушылары, студенттер, жас ғалымдар мен IT мамандары қатысқан. Олар денсаулық сақтау, білім беру және жасанды интеллект модельдерін оқыту салалары бойынша инновациялық шешімдер ұсынған.

Президент бұл байқауды озық идеялардың бәсекесі деп бағалап, мұндай шаралар жастардың кәсіби дамуына серпін беретінін атап өтті.

Сонымен қатар AI Governance Cup байқауының да мәні ерекше екені айтылды. Бұл жоба жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару жүйесіне енгізуге бағытталған бастамаларды қамтыды. Атап айтқанда, медициналық куәландыруды автоматтандыру, интеллектуалдық прокурорлық қадағалау және педагогтерді қолдау жүйелері ұсынылған.

Президенттің айтуынша, мұндай бастамалар тек идея күйінде қалмай, мемлекеттік жүйеге кезең-кезеңімен енгізілуі тиіс.

– Озық идеялар мен бастамаларды мемлекеттік құрылымдардың қызметіне енгізіп, жұмыстың тиімділігін арттыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы байқауларда жеңіске жеткен жастарды құттықтап, олардың табысы үздіксіз еңбектің нәтижесі екенін атап өтті. Сонымен қатар мемлекет әрдайым жаңашыл және жасампаз азаматтарды қолдайтынын жеткізді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!