Президент: Қазақстанда жұмыс істейтін әр филиал бәсекені арттыруға ықпал етуі керек

17:24, 19 наурыз 2026

© Сурет: akorda.kz

Мемлекет басшысы осыдан үш жыл бұрын елімізде әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөнінде нақты тапсырма бергенін еске салды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Тоқаевтың айтуынша, бұл Қазақстанға өте қажет. Осы бастама, ең алдымен, жастардың өз жерімізде сапалы білім алуына жол ашады.

"Біз сол арқылы еліміздің жоғары білім жүйесіне халықаралық бағдарламалар мен озық стандарттарды енгізе аламыз. Жалпы, осы уақыт ішінде ауқымды шаруа атқарылды, 33 университеттің филиалы ашылды. Оның ішінде Мәскеу инженерлік физика институты, Аризона университеті, Сорбонна, Лотарингия университеті, Кардифф университеті, Де Монтфорт университеті, Бейжің тіл және мәдениет университеті сияқты беделді жоғары оқу орындары, сондай-ақ Лу Бань шеберханасы бар. Бірақ бұл жұмыс әлемнің үздік университеттерімен серіктестік орнатумен аяқталмауы керек. Бізге есеп үшін ашылған, ұлттық ғылымды дамытуға қауқарсыз филиалдардың қажеті жоқ. Басты назар санда емес, сапада болуға тиіс. Қазақстанда жұмыс істейтін әр филиал жоғары білім саласындағы бәсекені арттыруға ықпал етуі керек. Осы мәселені мұқият зерделеу маңызды. Қазір еліміздегі шетел жоғары оқу орындарының филиалдарында білім алып жатқан студенттердің дені – мемлекеттік грант иелері. Елімізде жергілікті жоғары оқу орны мен шетелдік университеттерге берілетін мемлекеттік оқу гранттарының ақысында үлкен айырмашылық бар. Үкіметтің мәліметі бойынша, бір студентті оқыту үшін шетелдік филиалға бөлінетін мемлекеттік грант көлемі ұлттық мәртебесі бар университеттерге бөлінетін грант көлемінен бес есе артық. Мұндай жағдайда бәсекелестік туралы сөз айтудың өзі орынсыз болуы мүмкін. Сондықтан Үкімет шетелдік жоғары оқу орындарына бөлінетін мемлекеттік грант құнын қайта пысықтап, тиісті талдау жүргізгені жөн болады", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіптік, ғылыми, инженерлік-техникалық мамандарды сапалы даярлауға күш салудың маңызына тоқталды


"Өздеріңізге мәлім, биылғы жылды "Цифрландыру және жасанды интеллект жылы" деп жарияладым. Яғни Қазақстанды ғылыми-технологиялық тұрғыдан дамытып, техника мен өндірістік процестерді арттыру үшін шара қабылдауымыз керек. Менің ойымша, бізде заңгерлер, филологтар мен дипломаттар, яғни, гуманитарлық сала мамандары өте көп. Ұлттың менталитетін өзгертуіміз керек. Ал ол қалай өзгереді? Ол үшін ғылым мен технологияға мойын бұруымыз қажет. Бұл біздің қолымыздан келмей ме? Қазақстанда тура мағынасында сана революциясын жасауымыз керек деп ойлаймын. Осы орайда университеттердің ерекше миссиясын атап өткім келеді. Олар білімді, парасатты, елдің келешегі үшін жауапкершілік арқалай алатын азаматтардың жаңа буынын тәрбиелеп шығаруда айрықша рөл атқарады. Мемлекеттің зияткер қауымы университет қабырғасында қалыптасады. Білім беру саласын әлеуметтік қызмет ретінде қабылдау дұрыс емес. Қазіргі құбылмалы әлемде білім маңызды өндірістік күшке айналды. Жастарымыздың ғылымға, инновациялық кәсіпкерлікке, озық цифрлық дағдыларды меңгеруге қызығушылық танытатыны қуантады. Мемлекеттің міндеті – жастарды сапалы біліммен қамтамасыз ету, олардың заманауи ғылыми базада жұмыс істеуіне, дүние жүзімен академиялық байланыс орнатуына жағдай жасау. Көп ұзамай Жасанды интеллект университеті ашылады. Мұны маңызды уақиғалардың бірі деп айтуға болады. Оқу орны алғашқы студенттері мен магистранттарын биыл қабылдауды жоспарлап отыр. Іргелі ғылымсыз жасанды интеллектіні дамыту мүмкін емес екенін түсінген жөн. Алгоритмдер мен күрделі инженерлік өнімдер, ең алдымен, дамыған ғылыми және университеттік ортада пайда болады. Сол себепті осы бағытқа айрықша көңіл бөлеміз", – деді Президент.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!