Президент: Бизнеске заңсыз кедергі келтіру – мемлекет мүддесіне қарсы ауыр қылмыс

14:45, 28 қаңтар 2026

© Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің кәсіпкерлермен жұмыс тәсілдерін қайта қарау қажеттігін мәлімдеді.

Президент бизнестің дамуына кедергі келтіретін әрекеттерге жол берілмеуі керектігін қатаң ескертті.

"Бизнестің дамуын тежейтін кедергілерді жою керек. Бұл бағытта біраз жылдан бері жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Бірақ "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасынан, жекелеген бизнес өкілдерінен әлі де арыз-шағым түсіп жатыр. Барлық құқық қорғау органы бизнеске заңсыз кедергі келтіру мемлекет мүддесіне қарсы ауыр қылмыспен парапар екенін түсінуге тиіс", – деді Президент.

Мемлекет басшысы бұл мәселе, ең алдымен, Қаржылық мониторинг агенттігіне қатысты екенін атап өтті.

"Маған аймақтарда қара басының қамы үшін заңды бизнесті тоқтату тәжірибесі әлі де бар деген шағымдар келіп түсіп жатыр. Ескертемін: егер әлгіндей мәліметтер расталса, заңға сәйкес жауапқа тартып, келтірілген шығынды өндіріп алу үшін қатаң шаралар қабылданады", – деді Тоқаев.

Президент өткен жылғы статистиканы да келтірді.

"Былтыр Агенттік тергеу жүргізген қылмыстық істердің 40 пайызы, яғни мыңнан астамы негізсіз деп тоқтатылған. Мысалы, 2025 жылы Агенттік 2710 іс қозғаған, оның 1061-інде күдіктілер ақталып, іс тоқтатылған. Бұл жай ғана көрсеткіш емес. Осындай істердің салдарынан кәсіпкерлер шығынға ұшырайды, олардың іскерлік беделіне нұқсан келеді, еңбек ұжымдарының берекесі қашады", – деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, мұндай жағдайлар елдегі инвестициялық ахуалға да кері әсер етеді.

"Сондықтан кәсіпкерлермен қарым-қатынас орнату тәсілдерін қайта қараған жөн. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, ақылға қонымды тепе-теңдікті сақтай білу қажет. Кәсіпкер қаржы заңнамасын бұзған жағдайда оның шаруашылық қызметін бірден тоқтатып тастауға болмайды. Шектеу шараларын құқық бұзушылықтың деңгейіне сәйкес ерекше жағдайларда ғана қолдану керек", – деді Президент.

Сонымен қатар, кәсіпкерлердің де жауапкершілігі бар екені айтылды.

"Кәсіпкерлер де заң талаптарын қатаң сақтауға міндетті. Мемлекеттің оң көзқарасы мен қорғауын пайдаланып, салықтан жалтаруға, алаяқтық схемалар жасауға болмайды. Алаяқтыққа мүлдем жол бермейміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің алдына жаңа міндеттер қойды

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!