Президент Алматыда БҰҰ университетінің өңірлік филиалын құруды ұсынды

14:19, 19 желтоқсан 2025

© Фото: senate.parlam.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі ел ішіндегі табысты саясат пен тұрақты дамумен тығыз байланысты екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, тиімді дипломатияның негізінде жауапты ішкі саясат жатыр. Осы тұрғыда білім беру мен халықаралық деңгейдегі академиялық ықпалдастықты дамытуға айрықша мән берілуде.

"Мен білім мен халықаралық академиялық ынтымақтастықтың дамуын ерекше қолдаймын. Әсіресе, әлемдегі өзгерістерді жеделдетуге бағытталған бастамаларға басымдық беремін. Бұл ұстанымдар БҰҰ университетінің миссиясымен толық үйлеседі. Биыл Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ орнықты даму орталығы ашылды. Осы алаңның негізінде Алматы қаласында БҰҰ университетінің өңірлік филиалын құруға дайынбыз. Оның қызметін, ең алдымен, су және климат қауіпсіздігі, қақтығыстарды реттеу, бітімгерлік, орнықты даму және жасанды интеллектіні басқару мәселелеріне бағыттауға болады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөз соңында Қазақстанның БҰҰ университетімен және еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарымен бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, академиялық тәжірибе алмасуға және білікті мамандар даярлауға бағытталған институционалдық серіктестікті нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Айта кетейік, Біріккен Ұлттар Ұйымының университеті – БҰҰ Бас Ассамблеясы құрған жаһандық ғылыми-зерттеу және білім беру орталығы. Университеттің штаб-пәтері Токиода орналасқан, ал оның құрамына әлемнің 12 еліндегі 13 институт кіреді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!