Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов екі айға қамауға алынды

13:18, 18 қаңтар 2020

Павлодар қаласының мамандандырылған тергеу соты Болат Бақауовты екі ай мерзімге қамауға алуға санкция берді, деп хабарлайды Информбюро.

Прокуратураның мәліметінше, 2019 жылдың қыркүйегінде облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары жалғыз құрылтайшысы Павлодар облысы әкімінің туысы Руслан Бақауов болып табылатын "AksuTransLogistic" ЖШС-ге тексеру жүргізе бастады. Тергеу мәліметтері бойынша, інісінің компаниясында тексеру болып жатқанын білген Болат Бақауов салық органдарына тексеру нәтижелері туралы өзін хабардар етіп отыруды тапсырған.

Желтоқсан айында әкім ЖШС-ге қатысты 200 миллион теңгеге салық заңнамасын бұзу фактісі тіркелгенін, бұл салықтан қасақана жалтару бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді қажет ететінін біледі. Тергеу мәліметінше, облыс әкімі мемлекеттік кірістер департаментінің шенеуніктерінен тексерудің нақты нәтижелерін жасыруды және қосымша салық төлемдерінің мөлшерін 3-5 миллион теңгеге дейін азайтуды, яғни салық саласындағы қылмысты жасыруды талап еткен. Осылайша, Болат Бақауов өзінің ресми қызмет бабын асыра пайдаланған.

Прокурор Рүстем Садуақасов оған қатысты екі айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын сұрады. Сотталушының өзі болса, соттан өзін үй қамауына немесе кепілдікпен босатуды сұрады. Оның туыстары кепілдік ретінде 1 миллион теңге алдын-ала төлеген.

Тараптарды тыңдап болғаннан кейін судья Балтабай Дөнбекбаев Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа қатысты екі айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті 16 қаңтарда Болат Бақауовты қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікке ілінгенін хабарлады. Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы, 4-тармағы, 3-бөлігі, яғни "Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерін асыра пайдалану арқылы өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу, не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтiру мақсатында жасалған іс-әрекеттер" бойынша тіркеуге алынды.

15 қаңтарда ҚР ҰҚК қызметкерлері Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовты ұстағаны туралы ақпарат пайда болды.

Одан бөлек Бақауовтың үстінен Павлодар облысының жоғары лауазымды тұлғаларының бірі арызданған деген мәлімет жарияланды.

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың ұсталғаны туралы хабарламадан кейін оның Instagram парақшасында жазба жарияланды.

Кейбір ақпарат көздері Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың ұсталғаны туралы ақпараттың расталмағанын хабарлады.

16 қаңтарда Павлодар облысы әкімдігінде Болат Бақауовтың қатысуымен өтуі тиіс екі жиын болмай қалған. Әкімдіктегілер оның жұмысын істеп жатқанын айтқан.

Алайда кешке ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Болат Бақауовтың үстінен қозғалған қылмыстық іс қозғалғанын растады.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!