Павлодар облысында 2,5 мың жылдық тарихы бар бесік табылды

14:24, 19 қыркүйек 2018

Павлодар облысының Май ауданының аумағынан 2,5 мың жылдық тарихы бар бесік табылды, деп хабарлайды Baq.kz.

Бұл туралы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында өткен археологиялық және этнографиялық зерттеулер симпозиумында мәлім болды.

Бірегей жәдігер университет жанындағы Марғұлан орталығының бір топ зерттеушісінің Май ауданының Ақсарай атты жерде жүргізген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылды.

Археолог-ғалым Әлібек Қабылдиновтың айтуынша, осы жазда Май ауданындағы бірнеше қорған зерттелген. Нақтырақ айтқанда, қазба жұмыстары ара қашықтығы бір шақырым болатын Ақсарай және Саты орындарында жүргізілді.

«Назарымызға 12 қорған ілікті. Молалар тоналған болса да, адам бейіттері толық сақталған. Біз екі моланы топырағымен бірге алып шығып, бір ай бойы зерттеу жүргіздік. Бұл қорымдар былтырғы жылы ашылған. Енді зертханалық жағдайда зерттеу жұмыстары жалғасады», - дейді Әлібек Қабылдинов.

Айта кетейік, Марғұлан орталығының мамандары зерттеу жұмыстарын жүргізуде цифрлық технологияларды қолданады. Ғалымдар тобы арнайы әдестемелік бағдарламаны қолданып, табылған артефактілерді топырақтан ажыратпай-ақ, томографтың көмегімен зерттейді. Бұл көне заттың бесік екені томографиялық сараптама барысында анықталды.

«Қорымда нәрестенің жерленгені белгілі болды. Сол зиратты топырағымен бірге ойып алып, зертханаға әкелдік. Томографиялық зерттеу барысында қазақтың бесігіне ұқсас ағаш бөлшектерді көрдік. Сонымен қатар, баланың сүйегі жатты. Көне жәдігердің бесік екенін бүгінгі күнге жеткен шүмек те дәлелдейді. Осы жаңалық арқылы қазақ халқының баланы бөлеген бесігінің тарихы әлдеқайда тереңде жатқанына көзіміз жетті. Алдағы уақытта зерттеу жұмыстарын жүргізуге ниеттіміз. Көне зат арқылы ғылыми жаңалықтар болатынына сенімдімін», - дейді симпозиумның қонағы, танымал реставратор Крым Алтынбеков.

Мамандардың айтуынша, бесікті топырақтан ажыратқан жағдайда бөлшектері құмға айналып кетер еді. Заманауи технологияның артықшылығы да сол – жәдігерді жерден алмай-ақ, ақпарат жинақтау.

Айта кетейік, ғылыми форумға Ресей және Қазақстан ғалымдары қатысып, ортақ мәселелерді шешу мақсатын көздеуде. Сонымен қатар, халықаралық деңгейдегі ортақ зерттеулер жүргізуге уағдаласты.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!