Пандемия кезінде талай адам араққа салынып кетті

21:40, 15 наурыз 2021
1016

© Сурет: видеодан кадр

Елімізде ішкілікке салынғандар мен нашақорлар артып барады. Былтыр олардың қатары 30 пайызға ұлғайған. Пандемия кезінде жұмыссыз қалғандар есірткі мен ішімдікті жиі пайдалануды әдетке айналдырыпты. Ең өкініштісі 12-13 жасынан нашақор атанған балалардың саны көбейіп барады. Мәліметтер құпия сақталатындықтан мұндайлар жеке орталықтарға көптеп жүгінеді екен, дейді zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

30 жастағы Ақыл дене шынықтыру саласында еңбек етіпті. Букмекерлік кеңсеге бәс тігіп, пайдаға кенелем деген ол, тапқан-таянғанын құмар ойынға ұттырған. Көлігін, үйіндегі мүлкіне дейін сатып жіберген соң туған-туыс, дос-жарандарын алдап, қарызға ақша алған. Ақыры ішімдікке салынғандықтан жақындары сырт айналған. Ал карантин басталғанда ішімдікті жастанып ішіпті. Қарыздары қазір 3 миллион теңгеден асып жығылады.

Ақыл, қала тұрғыны:

Екі балам бар, екі қызым, әйелім бар. Олар шыдай алмады. Күнде ішемін. Таңға дейін маза бермеймін. Ішімдік-ішімдік, басқа ештеме көрмедім. Барлық жора-жолдастар, барлығы теріс қарады. Жұмыстан да айырылдық.

Ал Александр есірткіге есі кеткендердің бірі. 16 жасынан наша шеге бастап, кейіннен синтетикалық есірткіге тәуелді болып қалған. Күніне 25 мың теңгеге есірткі сатып алатын ол үйіндегі құнды заттардың барлығын сатып, ақыры ұрлық жасауға көшкен.

Александр:

Алкогольге тәуелділік пандемия кезінде басталды. Жұмыс жоқ болғандықтан есірткіге ақша табу қиындады. Содан кейін ішімдікке салындым.

Дәрігерлер пандемия кезінде ішімдікке салынғандар еселеп артқанын айтады. Ішімдік вирустың алдын алудың орнына адамның иммунитетін төмендетеді екен. Есірткіге еліткендер де жиілепті. Мұндайлардың қарасы 2019 жылмен салыстырғанда өткен жылы 30 пайызға көбейген.

Таймас Сырымов, нарколог-дәрігер:

Нашақорлық аурулар саны жылдан жылға көбейіп жатыр. Әсіресе, қазіргі уақытта синтетикалық нашақор көп пайда болып жатыр. Оны қабылдап жатқан 18 жас пен 35 жасқа дейінгі адамдар.

Ал психологтар елімізде есірткіге тәуелділер жасарып келе жатқанын айтады. Кейінгі кездері балалар да синтетикалық есірткілер мен психотроптық дәрілерді жиі пайдаланатын болыпты. Есірткі мен ішімдік өнімдерінің қолжетімді болуы сұранысты арттырған. Оған көбіне жұмыссыз отырған жастар құмар екен.

Алексей Козырь, психолог:

Біздің статистика бөлімі бақылап отырмыз, пандемия кезінде есірткіге тәуелділер қатары көбейіп барады. Тәуелділік деген - ауру. Адам жалғыз қалғанда және істерге іс болмағанда оған сұраныс арта түседі. Себебі, жұмысы болмаған соң бақылау да, мотивация да жоқ. Бұрын есірткіге тәуелділер 17-18 жаста болса, қазір 12-13-тегі балалардың ата-аналары бізге жүгінуде. Себебі балалар синтетикалық есірткілерге тәуелді болып барады.

Мамандардың уәжін статистикалық көрсеткіштер де растап отыр. Мәселен, өткен жылы алкогольдік сусындарды өндіру 2019 жылмен салыстырғанда 14 пайызға артқан. Нақтырақ айтқанда, 22 миллион литр арақ шығарылған. Жан басына шаққанда бесіктегі балаға дейін бір литрден айналады екен.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!