Өзбекстан қалдық қоқыстан пайдалы шикізат өндіріп келеді

16:36, 27 қараша 2024

© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

Өзбекстан тұрмыстық қалдықтарды жағу арқылы электр қуатын өндіретін зауыттар салмақ. Жоба бойынша жылына 5 млн тоннадай қоқыс- қалдық жағылып, 2 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндіріледі.

Полигондар саны бес есеге қысқармақ. Ал Ташкентте қалдықты қайта өңдеп, пластик шелек, гофр картоны мен көлік бамперін шығаратын цехтар қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр.

Көрші елде қалдықтан пайдалы шикізат өндіру бағытындағы жұмыстар жан жақты қолға алынған. Жыл басынан бері 270 мың тоннадай тұрмыстық қалдық қайта өңделді. Кәсіпорындар саны да артып келеді. Солардың бірі – Ташкенттегі Пласт полимер серіктестігі тәулігіне 50 тоннадан астам қалдық қабылдап, түрлі бұйым шығарады.

"Біздің цехтарда тұрмыстық қалдықтан 15 түрлі өнім өндіріледі. Атап айтқанда пластик жәшіктер, еуропалық стандартқа сай келетін паллет, гофр картон бұйымдары, көлік бамперлері мен пластик шелектер шығарамыз." Дилмурод Ходжаев, кәсіпорын директоры

Алдағы уақытта қатты қалдықты өңдеп, оны электр қуатына және басқа да пайдалы өнімдерге айналдыру жүйесі құрылады. Ол үшін шетелден инвестиция тартылмақ. Алғашқы болып Оңтүстік Кореяның ірі компаниясы Ахангаран қаласы маңындағы полигонда жиналған қоқысты жағып, энергия өндіру жобасын қолға алды.

"Сондай ақ БАӘ және Қытай елімен инвестициялық жобаларға қол қойылды. Кәсіпкерлік нысандарды кешенді қолдау мақсатында қоқысты сұрыптау мен өңдеу бойынша мемлекет және жекеменшік әріптестік аясында 66 жоба жүзеге асырылды." Нодир Шеркулов, Экология министрлігінің бас маманы

Келесі жылдан бастап 11 облыста жалпы құны 1,28 млрд долларды құрайтын жобалар негізінде қатты қалдықты жағып, қуат өндіретін зауыттар салынады. Ауқымды жоба сәтті жүзеге асса, ішкі нарықты қамтып қана қоймай, өнімді сыртқа сатуға да мүмкіндік болады. 150 миллион текше метрдей табиғи газ үнемделіп, мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!